17.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Барыс» жеңіліс сериясын тоқтата ала ма? Сарапшы «Металлургке» қарсы ойын туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

17 ақпанда Астанада Құрлықтық хоккей лигасы аясында «Барыс» Шығыс конференциясының көшбасшыларының бірі – Магнитогорскінің «Металлург» командасын қабылдайды.

«Металлург» 55 матчта 70 ұпай жинап, Шығыс конференциясының жоғарғы бөлігінде тұр. Ал «Барыстың» жағдайы күрделі – бар болғаны 29 ұпай және қатарынан бес жеңіліс. Соңғы ойында қазақстандық клуб Астанада «Ладаға» (2:4) жол берді, ал «Металлург» сырт айдында «Сібірді» 5:2 есебімен ойсырата ұтты.

Дегенмен, екі клуб арасындағы биылғы маусымдағы жеке кездесулер мынадай нәтиже көрсетіп отыр: Магнитогорскіде өткен ойында «Металлург» 2:0 есебімен жеңіске жетсе, Астанада «Барыс» қарымта қайтарып, 2:1 есебімен басым түсті.

Сарапшы пікірі

Белгілі комментатор және хоккей сарапшысы Александр Олейник Sport Pulse порталына алдағы ойын туралы пікірін білдірді:

«Қағаз жүзінде бәрі анық көрінеді – фаворит аутсайдерге қарсы. Бірақ «Барыстың» биылғы маусымда «Металлургті» жеңгенін ұмытпауымыз керек. Мүмкін, өз айдыны қазақстандықтарға тағы бір рет көмектесер. Дегенмен, ойыншылардың физикалық жағдайы шешуші рөл атқарады. Жақында Азия ойындарында өнер көрсеткен хоккейшілер енді ғана елге оралды. Олардың дайындық деңгейіне қатысты сұрақтар көп, тіпті кейбір ойыншылардың жүгі кешігіп жеткені туралы ақпарат бар. Олар толық қалпына келе ала ма? Бұл өте маңызды фактор» – дейді сарапшы.

Қақпашыларға тоқталған Олейник, жарақат алған Никита Бояркиннің орнына негізгі құрамда Андрей Шутов немесе Юхан Маттссон шығуы мүмкін екенін айтты.

«Хоккейде әрқашан жарқын, эмоцияға толы ойын күтуге болады. Қазіргі маусымда қос команданың кездесулері аса нәтижелі болмады, бірақ эмоция тұрғысынан бәрі тамаша. Ең басты сұрақ – «Барыс» жеңіліс сериясын тоқтата ала ма?» – деп түйіндеді Олейник.

Матчты қайдан көруге болады?

«Барыс» – «Металлург» кездесуінің тікелей көрсетілімін Qazsport телеарнасынан көруге болады. Ойын Астана уақытымен 19:20 басталады.

«Металлургтен» кейін қазақстандық клубтың үйдегі матчтар сериясы жалғасады: 20 ақпанда – «Северсталь», 22 ақпанда – «Адмирал» хоккейшілерімен кездеседі.

Сурет: hcbarys.kz