13.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Барыс» СКА клубына лайықты қарсылық көрсете ала ма? – сарапшы пікірі

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

13 ақпанда Астанада Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында «Барыс» лиганың ең мықты клубтарының бірі – Санкт-Петербургтің СКА командасын қабылдайды.

Қазіргі таңда қазақстандық ұжымның жағдайы қиын: 53 ойыннан кейін «Барыс» 29 ұпаймен турнир кестесінде соңғы орнында тұр. Шығыс конференциясында астаналықтарға жақын орналасқан бәсекелесі – «Амур» (32 ұпай, 53 матч), ал қатарынан үш ойындағы жеңіліс Ғалым Мәмбеталиев шәкірттерінің жағдайын едәуір нашарлатты. Соңғы кездесуде астаналықтар «Адмиралға» (3:4 ОТ) есе жіберді. 0:3 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестіре білген «Барыс» овертаймда қарсыласқа төтеп бере алмады.

Хоккей комментаторы Жігер Әзбергенов Sport Pulse порталына алдағы ойынға қатысты пікір білдірді:

«Жұлдыздар матчына байланысты болған үзілістен кейін біздің командамыз тұрақты чемпионаттағы ойындарға қайта оралды. Үзіліске дейін астаналық ұжым Қиыр Шығысқа аттанған еді. Сырт айдындағы кездесулер сәтті өтті деп айта алмаймыз. Дегенмен, соңғы матчта жігіттер мінез көрсете білді – 0:3 есебімен ұтылып тұрып, ойынды овертаймға жеткізген. Өкініштісі, қарсыластарынан шешуші шайбаны жіберіп алды.

СКА – өте мықты қарсылас, сапында жоғары деңгейдегі ойыншылар бар. Дегенмен олар да жуырда «Динамоға» (1:3) жеңілді. Бүгінгі кездесу CКА ұжымы үшін үзілістен кейінгі екінші ойын болса, «Барыс» үшін – алғашқы матч. Бұл үзіліс біздің командаға қалай әсер еткенін көреміз.

Қазір ұлттық құраманың сапында 11 ойыншымыз жүр. Сондықтан жаттықтырушылар штабы жастарға мүмкіндік беретін сияқты. Бүгінгі ойында Марат Сағымбаев пен Мстислав Шипилин дебют жасауы мүмкін.

Үзіліс командаға оң әсерін тигізді деп үміттенемін. Себебі ауыр матчтардан кейін хоккейшілерге тынығу қажет еді. Жанкүйерлерінің қолдауымен «Барыс» СКА сияқты азулы командаға лайықты қарсылық көрсете алады деп сенейік. Оның үстіне Никита Бояркин Новосібірдегі шоу-матчтан шабыттанып келді, бұл команданың рухына да әсер етуі ғажап емес».

Жігер Әзбергенов