20.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Барыс» клубының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүріп жатыр

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Барыс» клубының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүріп жатыр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Барыс» хоккей клубының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы BAQ.KZ агенттігі ресми жауапқа сілтеме жасап хабарлады.

«Қарағанды облысы бойынша агенттік департаменті ХК «Барыстың» бұрынғы басшылары мен өзге де тұлғаларға қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жариялауға жатпайды», – делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, 2024/2025 жылғы маусымда «Барыс» ҚХЛ-да Шығыс конференциясының соңғы сатысында қалып, 68 матчта 35 ұпай жинаған.

Жақында елордалық клубтың бас директоры қызметіне Сәкен Мұсайбеков тағайындалды. Ол бұл қызметке Нұрлан Оразбаевтың орнына келді.