10.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Барыс» клубы маусым алдындағы дайындық жоспарын жариялады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Барыс» клубы маусым алдындағы дайындық жоспарын жариялады

Хоккейден Қазақстанның басты командасы «Барыс» 2025/26 жылғы Құрлықтық хоккей лигасы маусымына арналған дайындық жоспарын жариялады.

Клубтың негізгі оқу-жаттығу жиыны Астанада өтеді. Алғаш болып 15 шілдеде екіжақты келісімшарты бар ойыншылар медициналық тексерістен өтіп, жаттығуға кіріседі. Оларға 1 тамыздан бастап біржақты келісімшарты бар хоккейшілер қосылады.

26–29 тамыз күндері «Барыс» Магнитогорскіде өтетін халықаралық «Иван Ромазан мемориалы» турниріне қатысады.

1 және 2 қыркүйекте елордалық команда өз айдынында «Сибирьмен» екі жолдастық кездесу өткізеді. Бұл матчтар «Барыс Аренада» өтеді.

Дайындықтың соңғы кезеңі 3–6 қыркүйек аралығында Астанада ұйымдастырылады. Ал 7 қыркүйекте «Барыс» КХЛ-дың жаңа маусымын «Трактормен» болатын кездесумен бастайды. Матч Астанада өтеді.