31.12.2024
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Барыс» алтыншы матчта да ойсырай жеңілді

Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын Астананың «Барыс» клубының сәтсіздік сериясы жалғасып жатыр. Бұл жолы Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері Уфада «Салават Юлаевтан» тас-талқаны шығып ұтылды, — деп хабарлайды Бірінші бол.

Матч 6:0 есебімен айдын иелерінің пайдасына шешілді. «Барыс» хоккейшілері уфалық командаға қарсы еш қайрат көрсете алмады. Бұл – елордалық клубтың қатарынан алтыншы жеңілісі.

«Шыны керек, біздің жоспарымыз жүзеге аспады. Бірінші кезеңте үш шайба жібердік. Кейбір сәттерде жинақылық жетіспеді. Қарымта шабуылдарға төтеп бере алмадық. Одан ойыншымыз айдыннан қуылды. Агрессия қосып, қатал ойнауды тапсырдым. Гол соғатын сәттеріміз болғанымен, оны пайдалана алмадық. Сосын матч соңында тағы гол жіберіп, ірі есеппен жеңілдік. Бүгін өз-өзімізге мүлдем ұқсаған жоқпыз. Енді келесі ойынға дайындалатын уақыт бар. Мұны да көру керек болған шығар», — дейді Ғалым Мәмбетәлиев.

Енді «Барыс» екі ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 5 қаңтарда Ресейдің «Лада» (Тольятти) клубымен кездессе, 7 қаңтарда «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен өзара мықтыны анықтайды.