Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«Барселона мінезінің арқасында жеңісті жұлып әкетуге қабілетті» — «Қайраттың» медиа-офицері «Реалға» қарсы өтетін матч туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Cәуірдің 26-нан 27-сіне қараған түні жанкүйерлерді алыптар айқасы күтіп тұр. Испания кубогының финалында мәңгілік қарсыластар — «Барселона» мен мадридтік «Реал» жолығады.

Мұндай ақтық матчтар сирек кездеседі — бұл деңгейде қос команданың жолы соңғы рет 2014 жылы түйіскен. Ол кезде «Реал» 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Осы жолы «Барса» жартылай финалда «Атлетиконы» жарыс жолынан шығарды. Ал «Реал» аяқдопшылары «Сосьедадты» тізе бүктірді.

Каталондықтар Испания кубогын 31 рет жеңген. Ал «Реалдың» еншісінде — 20, дегенмен финалдық кездесулердің барлығын қосып есептегенде, әзірге мадридтіктер алда: төрт жеңіс пен үш жеңіліс. «Барселона» Испания кубогын ақтық сынында «Реалды» 1990-шы жылдан бері жеңе алмай келеді — алдағы ойында каталондықтардың 35 жылдық үміті ақталуы мүмкін.

«Қайрат» футбол клубының медиа-офицері Арман Жақсығұлов Sport Pulse порталына алдағы матчқа қатысты пікір айтты:

– Меніңше, финалда «Барселона» жеңіске жетеді. Иә, қазір Ханси Фликтің командасы кішігірім қиындықтарды бастан өткеруде, бірақ маусымның басынан алып қарасақ, олар басты қарсыластарына қарағанда әлдеқайда тұрақты ойнап келеді. «Реал» жақында Чемпиондар лигасынан ұшып кетті, Ла Лигада да бәрі біркелкі емес, ал «Барса» үш трофейге бірдей таласып келеді. Команда мінезінің арқасында қиын матчтарда да жеңісті жұлып әкетуге қабілетті — біз мұны маусым барысында бірнеше рет көрдік. Ал «Реалмен» болатын ойындар олар үшін өте маңызды. Меніңше, бұл — нәтижелі матч болмақ, қос команда да гол соғады, бірақ «Барса» қақпаға екі немесе үш доп тоғытып, кубокты қанжығасына байлайды.

Матч туралы маңызды ақпарат:

Күні: 27 сәуір

Басталуы: 01:00 (тікелей эфир — 00:55-тен)

Стадион: «Олимпико», Севилья

Бас төреші: Рикардо де Бургос Бенгоэчеа (Бильбао)

Тікелей көрсетілім: Sport+ Qazaqstan арнасы және онлайн — мына сілтеме арқылы.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!