Оқу уақыты: 3 мин

«Барлығы клубтың Кубокқа мән беру, бермеуіне тікелей байланысты»: Шамкен Байырбек 1/4 финал матчтарына болжам жасады

«Барлығы клубтың Кубокқа мән беру, бермеуіне тікелей байланысты»: Шамкен Байырбек 1/4 финал матчтарына болжам жасады

14 мамырда Қазақстан Кубогының ширек финал ойындары өтеді.

1/8 финалда басты сенсация – қазіргі чемпион «Ақтөбенің» турнирден шығып қалуы болды. Қызыл-ақтар 0:1 есебімен «Жеңіске» жол берді. Енді «Жеңіс» «Астанаға» қарсы ойында тағы бір сенсация жасап көруге тырысады. Бұған дейінгі кезеңде «Астана» «Оқжетпестен» пенальти сериясында басым түскен еді: негізгі және қосымша уақыт – 1:1, пенальти – 8:7.

Ал 1/4 финалдың орталық ойыны Шымкентте өтпек. Онда «Ордабасы» мен «Қайрат» кездеседі. Бұған дейін шымкенттіктер «Хан-Тәңірін» 2:0 есебімен ұтса, алматылықтар «Каспийді» 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді.

Петропавлда «Қызылжар» «Елімайды» қабылдайды. Алаң қожайындары «Қайсарды» (1:0) жарыстан шығарса, семейліктер «Ұлытауды» (3:0) тізе бүктірді.

Түркістанда «Тұран» аяқдопшылары «Тобылмен» кездеседі. Өткен кезеңде түркістандықтар «Атырауды» (2:0), ал қостанайлықтар «Жетісуды» (1:0) жеңді.

Sport Pulse порталымен тілдескен Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің өкілі Шамкен Байырбек Қазақстан Кубогының ширек финалына қатысушы командалардың мүмкіндігін бағалады.

Ордабасы – Қайрат

— Бұл ойыннан не күтуге болады?

— Оңтүстіктің кезекті дербиі өте қызық болғалы тұр. Біріншіден, мұнда бір ғана матч. Бәрі осында шешіледі. Екіншіден, «Ордабасы» Алматы командасынан Қазақстан чемпионатында оңбай жеңілгенін ұмыта қойған жоқ (4-0). Кубокта болсын есе қайтаруға тырысады. Үшіншіден, Шымкенттің клубына биыл жүлде (қандай болсын) керек. Сондықтан Қазақстан Кубогы сынақ өткізетін турнир бола алмайды.

Ал «Қайрат» – Қазақстан Кубогын 10 мәрте иеленген рекордсмен клуб. Биыл оңайлықпен бере қоймасы анық. Таласуға шамасы жетеді. Қазір қарқынына-қарқын қосып келе жатыр. Жанкүйерлер бұл матчтқа көз тігетін себеп жетерлік.

Алматылық Дастан Сәтпаев пен Георгий Зарияның бет алысы жақсы. Матчта осы футболшыларға біраз нәрсе байланысты болатындай. Меніңше, психологиялық және әлеуеті жағынан «Қайрат» басымдыққа ие.

Дастан Сәтпаев және Георгий Зария Сурет: instagram.com/d.satpayev

Қызылжар – Елімай

— Сырт алаңда өтетін матчта «Елімайдың» жеңіске жетуге мүмкіндігі бар ма?

— Елдегі 2 ортақол команданың бұл ойыны, меніңше, «Елімайдың» пайдасына шешілуі керек. Семейдің командасы тәжірибелі, қарсыласқа қарағанда көпті көрген футболшылары жетерлік. Бұл басымдықты түзде тиімді пайдаланса, 2-0, 2-1 есебімен жеңісті тойлайды.

Сурет: «Елімай» ФК

Жеңіс – Астана

— «Жеңіс» тағы да сенсация жасап, «Астананы» жарыстан шығара ала ма?

— Ширек финалдағы кезекті дерби «Астана» мен «Жеңіс» арасында болады. Маған «Жеңістің» ойынды қалай бастайтыны, қалай ойнайтыны қызық болып тұр. Біріншіден, кеше ғана бас бапкері грек Акис Вавалис жеке себебіне байланысты қызметінен кетті. Былтыр командаға келіп, аяққа тұрғызған мамансыз қалай өнер көрсетер екен?..

Екіншіден, «Жеңіс» осыған дейін былтырғы Кубоктың иегері «Ақтөбені» орта жолда қалдырған. Сол себепті, санасуға тұраралық қарсылас.

Ал «Астананың» әлеуеті белгілі. Құрамы мықты. Тісқаққан Томасовтың өзі қапталда қарсыласқа біраз қиындық келтіреді. Бұл ойында Астанаға сақтық керек. Әйтпесе, от басуы ықтимал.

Меніңше, фаворит – «Астана».

Сурет: «Астана» ФК

Тұран – Тобыл

— Бұл кездесуде кім фаворит?

— Екі команданың деңгейі шамалас. Ойын Түркістанда өтетіндіктен басымдық алаң иелерінде болады. Дегенмен «Тобылдың» қорғанысы мығым. Көп гол соғыла қоймайды. Меніңше, Жұмасқалиевтің командасы 1-0 немесе 2-1 есебімен не негізгі уақытта, не экстра-таймда жеңеді.

Сурет: instagram.com/fctobol

Жартылай финал ойындары 25-ші маусым мен 30-шы тамызға жоспарланған. Ақтық ойын 2025-ші жылдың 1-ші қарашасында өтеді.
Қазақстан Кубогы — жанкүйерлер арасында дәстүрлі түрде үлкен қызығушылық тудыратын турнир. Бұл тек беделді трофей емес, сонымен қатар еурокубоктарға шығуға мүмкіндік беретін жол — сондықтан соңына дейін қызу бәсеке болары анық.

Шамкен Байырбектің айтуынша, барлығы клубтардың турнирге деген қарым-қатынасына байланысты болмақ.

«Мына матчтар клубтың Кубокқа мән беру, бермеуіне тікелей байланысты. Сөз жүзінде маңызды деп айта жатады. Ал құрамға негізгі ойыншыларды қоймауы әбден мүмкін. Сосын, төрешілер жағы тағы бар. Өткендегі Самат Смақовтың көтерген мәселесі», деді ол.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!