05.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бақытов Калмыковқа қарсы титулды жекпе-жек туралы: «Оңай шағылатын жаңғақ емеспіз»

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Бақытов Калмыковқа қарсы титулды жекпе-жек туралы: «Оңай шағылатын жаңғақ емеспіз»

8 ақпанда Алматыда Nomad Fighting 12 турнирі өтеді. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылатын бұл бәсеке промоушеннің биылғы алғашқы шарасы  болмақ.

Кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық файтер Азамат Бақытов Hardcore лигасының қазіргі чемпионы, Ресейден келген, лақап аты «Киборг» Мұхамед Калмыковпен күш сынасады. Орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін шайқас бес раундқа есептелген.

Айта кететін жәйт, Бақытов жарақатынан айығып үлгермеген Абай Төлештің орнына төбелеспек.

Sport Pulse-ке берген сұхбатында Азамат титулды жекпе-жекке дайындығы туралы айтып, қарсыласы жөнінде пікір білдірді.

– Азамат өзіңіз туралы ақпарат берсеніз?

– Мен ақтөбелікпін. 15 жыл боксқа қатыстым. Кәсіби бокс жекпе-жектерінде де өнер көрсеттім. Рекорд 2-0 (екі кездесу, екі жеңіс, бір нокаут). Nomad-та да екі жекпе-жек өткіздім.

– Титулды жекпе-жекке дайындық қалай?

– Дайындық жақсы. Ең басты мақсат белбеуді Ақтөбеге алып кету. Соған бар күшімізді саламыз. Мұхамед Калмыков оңай қарсылас емес. Дегенмен, қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз.

– Салмақ қуу барысында қиындықтар кездесе ме?

– Салмақ қуу барысында мәселе жоқ. Барлығы ойдағыдай.

– Қарсыластан қандай артықшылығың бар?

– Артықшылық – турнир өзіміздің жерде өтіп жатқандығында ғана. Төрешілер барлық спортшыларға бірдей қарайды ғой. Бұл жерле барлығы бір деңгейде.

– Қарсыласыңыз туралы не дейсіз?

– Қарсыласым жақсы. ТМД-да танымал. Калмыков жұрттың ауызында жүр. Ол туралы жаман ештеңе айта алмаймын. Hardcore FC-тің чемпионы. Бір емес үш белбеудің иегері. Жекпе-жектерін көріп шықтым, жақсы жауынгер. Маған да, оған да оңай жекпе-жек болады деп айта алмаймын. Белбеуді алып қалуға барымызды саламыз. Біз де оңай шағылатын жаңғақ емеспіз, қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз.