31.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Абдусамат Бақыт: «Олимпиада шыңын бағындыру – менің басты мақсатым»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстандық дзюдошы, халықаралық жарыстардың жүлдегері Абдусамат Бақыт  спорттық мансабын Америкада жалғастырып жатыр. Спортшының айтуынша, Олимпиада шыңына жету жолында үлкен құрбандықтар қажет, соның бірі – туған жерден жырақ кету.

Абдусамат дзюдоға 2008 жылы, 8 жасында келген. Оның спортқа келуіне әкесі Тахауов Бауыржан Бақытұлы, Қазақстан ұлттық құрамасының параволейболдан бас бапкері, үлкен ықпал еткен. Алғашқы жаттығуларын Атырауда бастады. Азамат Сағынғанов, Нұрбол Сүлейменов, Есмағамбет Мейіржан, Бауыржанұлы Дәулет секілді жаттықтырушылардың арқасында халықаралық деңгейге көтерілгенін айтады.

Спортшының сүйікті әдісі – «Morote seoi nage» (тізеге отырып лақтыру). Бұл техника көптеген жарыстарда жеңіс әкелді. «Күн сайын осы әдісті 100 рет қайталаймын. 100 рет жаттыққан ештеңе етпейді – бір рет алтын алғың келсе!» – дейді Абдусамат.

Ол бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарған. Ең ірі жетістіктерінің қатарында:

  • Orenburg Senior European Cup 2021 – 1-орын
  • Issikul Junior Asian Cup 2018 – 3-орын
  • Almaty Junior Asian Cup 2018 – 2-орын
  • Madrid European Open 2022 – 7-орын
    Сонымен қатар, Қазақстан чемпионаты мен түрлі республикалық турнирлерде жүлдегер атанған.

Спортшы білім алудың маңыздылығын да ерекше атап өтті. Ол Алматыдағы Республикалық спорт колледжінде білім алып, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде тренер-педагог мамандығын тәмамдаған.

Қазір Абдусамат Бақыт АҚШ-та жаттығып, жаңа белестерді бағындыруда. Оның айтуынша, Америка – әлем чемпиондары жиналатын және спортшыларға үлкен мүмкіндік беретін ел.

«Чемпион болу – үлкен таңдауларды талап етеді. Америкада әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылармен жаттығып, тәжірибе алмасуға болады. Егер жұмыс істесең, нәтиже көрсетсең, демеушілердің өзі іздеп келеді», – дейді спортшы.

Ол шетелдік жарыстарға да қатысып, өзін дәлелдеп үлгерген. Джиу-джитсудан әлем чемпионатында топ жарып, әлем чемпионы атанды.

«Қарсыластарым «бойы кішкентай, бірақ тактикасы мықты» деп мақтап жатты. Бұл – аз уақытта жеткен жетістігім ғана. Алда әлі көп еңбек ету керек», – дейді ол.

Абдусамат үшін тәртіп – спортшының басты қаруы. Ол жаттығу мен дұрыс тамақтанудың, тәртіпті сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Бір ғана жалқаулық – барлық еңбекті жоққа шығарады. Олимпиада ойындарында немесе үлкен жарыстарда кейде спортшының соңғы секундтарда шаршап қалуы – жеңіліске әкелуі мүмкін. Ол режимнің бұзылуынан болады», – дейді ол.

Болашақтағы басты мақсаты – Олимпиада шыңын бағындыру.

«Америка – сол мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін үлкен платформа. Еңбек етсең, бәрі мүмкін!» – дейді Абдусамат Бақыт.