13.12.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Азия чемпионаты: Өзбектердің үстемдігі ме әлде төрешілердің әділетсіздігі ме?

IMG 8507

Бокстан 2024 жылғы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Алғашында Иордания астанасы Амман қаласында өтуі керек болған бұл бәсеке саяси жағдайларға байланысты Тайландтың Чианг Май қаласына ауыстырылды. Осындай аяқ асты қабылданған шешімдерден болса керек, жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне көпшіліктің көңілі толмай жатты. Бұл бәсекеде төрешілердің бұрмалауы болды ма? Расында Өзбекстан бізден озып кетті ме? 

Алғашында біздің 9 боксшымыз ақтық сынға жолдама алды, ал жарысты аяқтаған 4 боксшының тізімін кешегі Париж олимпиадасының қатысушылары Сәкен Бибосыновпен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бастап тұр. Олардан бөлек Бейбарыс Жексен мен Ерасыл Жақпеков те осы тізімде. Сәкен Бибосынов қазақстандық жұлдыз боксшылардың бірі болғандықтан, жанкүйерлері де баршылық. Оның жүлдесіз қалуын бірі төрешілер бұрмалады деп ақтап алса, бірі таза ұтылды деп ашығын айтып жатты. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы сынға түсетін 63,5 келі де құрамамызда анау айтқандай мықты боксшыларымыз көп емес. Бұл бәсекеден кейін бапкерлердің жұмысына тағы да жүк артылатыны түсінікті шығар. Ал Бейбарыс пен Ерасылға бұл бәсекеде тәжірибе жетіспеген секілді.

Ал жүлдегер атанған спортшыларымзға өтпей тұрып, көршілес Өзбекстан құрамасы туралы айтып өтейік. Өзбекстанды көбісі екінші құраммен келді деп жазып жатты. Бірақ құрамға көз жүгіртсек, толыққанды екінші құрам деуге келмейді. Иә, кешегі Париждегі жасындай жарқыраған Баходир Джалолов, Абдумалик Халоков, Хасанбой Дусматовтар жоқ шығар. Алайда 2019 жылғы әлем чемпионы Мирзабек Мирзахалилов. Финалда Санжар Тәшкенбаймен кездескен Шодиержон Меликузиев біраз уақыт бойы өз елінде бірінші нөмірлі спортшы болған. Бұндай боксшыларды екінші құрам деп менсінбеушілікпен қарай алмаймыз.

Жалпы салыстырмалы түрде ерлер арасындағы бәсекеде медаль саны бойынша Өзбекстан құрамасымен теңбіз. Қос құрама да он медальды қанжығасына байлады. Алайда алтын саны бойынша қалыс қалғанымыз жасырын емес. Өзбек елі бұл жарыста 7 алтын, 2 күміс, 1 қола еншілеп көш бастап тұрса, біздің құрама 5 алтын, 4 күміс, 1 қоламен екінші орынға жайғасты. Үштікті Тәжікстан құрамасы жалпы саны 5 алтынмен аяқтады.

54 келіде Махмұд Сабырхан нағыз өзінің салмағына оралғаннан кейін, нағыз боксты көрсетіп, қарсыластарының барлығын шемішкідей шақты десек, артық айтпаған болармыз. 86 келіде Бекзад Нұрдәулетов те өзбек боксшысымен кездесіп, жеңіске жетті. Бекзадтың кәсіпқойдан әуесқойға оралғаннан кейінгі жарқырап өнер көрсеткен жекпе-жектерінің бірі осы Азия чемпионатында болды десекте болады. Финалда жеңіліп жатып, мінездің арқасында жеңісті жұлып алды. Бекзадтың жеңісінен кейін жігіттердің жолы ашыла бастады. Мәселен 92 келі де Сағындық Тоғамбай тәжікстандық қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп кетіп, кезекті алтынды қоржынға салды. Ал аса ауыр салмақта құрамамыздың капитаны Айбек Оралбай қытайлық, бірақ тегі ұйғыр Абдрашит Рахметулланы 5:0 есебімен тізе бүктірдіі.

Ал жеңілген төрт салмақ туралы айтар болсақ. Санжар Тәшкенбай өзбекстандық Шодиержон Меликузиевке есе жіберген болатын. Тіпті төреші отандасымызға түсініксіз нокдаун берді. Рингте Тәшкенбайда өзінің төрешінің шешімімен келіспейтінін жеткізді. 67 келіде Дулат Бекбауов өзбекстандық Мужибилло Турсуновтан жеңіліп қалды. Диас Молжігітов пен Оразбек Асылқұловта өзбекстандық боксшыларға есе жіберді.

Бір қызығы Азия чемпионаты аяқталған кезде күміс алған Абылайхан Жүсіповты комиссия жеңімпаз деп таныды. Нақтырақ айтқанда Қазақстан бокс федерациясы финалындағы қазақ-өзбек кездесуіне қатысты шағым түсірді. IBA өкілдері Хавасбек Асадуллаевтың жекпе-жек кезінде жерлесіміздің иық тұсынан  тістегенін растап, төрешілер шешімін өзгертті. Жеңіс Абылайханға берілді. Ал, тәртіпті өрескел бұзған өзбек боксшысы бокстан шеттетілді.

Қортындылай келе бұл байрақты бәсекедегі ұлттық құрамамыздың нәтижесі жаман емес. Алайда жасалу керек жұмыстар саны баршылық екені көрініп-ақ тұр. Мәселен боксшыларымыздың күші толық үш раундқа жетпей жатырғаны секілді. Бұндай кемшіліктер бір ғана бапкердің ауысуымен өзгере қоймайды. Алдағы бәсекелерде боксшыларымызға тек қана сәттілік тілейміз.