30.12.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстан чемпиондарды қалай дайындайды: Ермахан Ибраимовпен сұхбат

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
1561468656

Келесі жылы қазақстандық спортшыларды Азия ойындары, Әлем және Азия чемпионаттары күтуде. Басты мақсат — оларды осы ірі жарыстарға тыңғылықты дайындау. Сидней Олимпиадасының чемпионы, IBA халықаралық бокс федерациясының ардагерлер және спортшылар комиссиясының мүшесі, «Алматы» Олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары Ермахан Ибраимов Sport Pulse порталына осылай деді. Сұхбат барысында ол орталықтың осы жылғы жұмысын қортындылап, өзекті мәселелерді атады.

— Олимпиадалық даярлау орталығының спортшыларға берері не?

— Бізде дайындықтан өткен спортшылар психологиялық тұрғыдан күшті болады. Өйткені орталықтың атмосферасы оларға Олимпиада рухын сезіндіреді. Осы арқылы спортшылар өздерінің мақсаттарын үнемі есте ұстап, жарысқа тыңғылықты жаттығады. Мысалы, биыл Олимпиадаға қатысқан Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Демеу Жадыраев және атқыштар бізде дайындықтан өтіп, еліміздің абыройын асқақтатып қайтты.
Сондай-ақ, қазір жарақат алған спортшыларды жылдам қалпына келтіріп, жаттығуға қайта оралуына жағдай жасау мәселесі де қарастырылуда. Сондықтан мен барлық аға бапкерлер мен жауапты тұлғаларды біздің орталықта дайындық жұмыстарын өткізуге шақырамын.

— Орталықтың осы жылғы жұмысына қандай баға бересіз?

— «Алматы» Олимпиадалық даярлау орталығы биыл жұмысын 100 пайыз атқара алды. Оған дәлел, қараша айында Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионаты. Онда Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орынға шыққанын мақтанышпен айта аламын. Боксшыларымыз 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медаль еншілеп (жеңіп), Өзбекстан, Ресей, Куба, Қытай, Еуропа елдерінен озып шықты. Сондықтан 2024-ші жыл орталық үшін сәтті аяқталды деп айтуға толық негіз бар.

— Ал, енді мәселер туралы сөз қозғайық. Бүгінде спортшыларды жарыстарға дайындауда қандай қиындықтар бар?

— Олимпиадаға дайындық кезінде спорт және туризм министрлігі мен федерациялар спортшыларға барлық жағдайды жасауға тырысуда. Дегенмен, мәселелер бар. Ең алдымен қаржы жетіспейді. Осы тұрғыда жасөспірімдер мен жастар боксына жеке көңіл бөлінсе дейміз. Өйткені біз бұл спорт түрінен жетістігімізді ары қарай дамытқымыз келеді. Өкінішке орай, соңғы екі олимпиадада қазақстандық боксшылар алтын медальсіз қалды. Бұл тарихта бұрың соңды болмаған жағдай. Енді біз осы жіберген кемшілікті түзеп, 2028-ші жылы өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасында жанкүйерлерімізді қуантсақ деген ниетіміз бар.
Сондай-ақ, тағы бір өзекті мәселе — дәрігерлердің жетіспеушілігі. Қытай, Америка және Еуропа елдерінің спорттық медицинасы жоғарғы деңгейде, ал бізде бұл саланы әлі де жетілдіру керек. Сол себепті денсаулық сақтау министрлігі мен туризм және спорт министрлігі бірігіп, жоғарғы деңгейдегі мамандарды даярлап, фармакология саласына назар аударса деген ұсынысымыз бар. Өйткені Олимпиада ойындары тек спортшылардың жарысы ғана емес, бұл бүкіл әлем фармакологтарының жарысы екенін ұмытпауымыз керек.

— Келесі жылы спортшыларымызды не күтіп тұр?

— 2025 жыл — қазақстандық спорт үшін өте жауапты және жаңа жетістіктерге ұмтылатын кезең болмақ. Себебі бізді Азия ойындары, Әлем және Азия чемпионаттары күтуде. Ал Олимпиадалық даярлау орталығы — бұл қазақстандық спорттың жаңа эрасы. Жарыстарға тыңғылықты дайындалу үшін біз есігімізді айқара ашып, спортшыларымызға барлық жағдай жасауға тырысамыз.