24.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Айтмұхан – жас балуан, оның Снайдерді жеңуге мүмкіндігі бар» – Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамұқов

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
«Айтмұхан – жас балуан, оның Снайдерді жеңуге мүмкіндігі бар» – Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамұқов

25 ақпанда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әлемнің ең үздік балуандарының басын қосатын Professional Wrestling League 8 турнирі өтеді. Көрермендер еркін, грек-рим және әйелдер күресінен Олимпиада, әлем және құрлық чемпиондарының өнерлерін тамашалайды.

Кештің басты белдесулерінің бірі – Қазақ елінің тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханның АҚШ-тың атақты балуаны Кайл Снайдермен кездесуі болмақ. Снайдер – 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, әлемнің үш дүркін жеңімпазы.

Еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамұқов Sport Pulse порталына алдағы белдесуге қатысты пікірін айтты:

«Кайл Снайдер – Олимпиада мен әлем чемпионаттарының басты фавориттерінің бірі. Парижде өткен әлем чемпионатының финалында ол ресейлік Абдулрашид Садулаевты жеңіп, сенсация жасады. Алайда кейінгі кездесулерде Садулаев басым түсті.

Ал былтыр әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан – жас әрі талантты балуан. Қазақстан 2028 жылғы Олимпиада ойындарында оған үлкен сенім артып отыр. Бұл жекпе-жек оның қуатын, төзімділігін және тактикалық шеберлігін сынайтын айқас болмақ. Әрине, Айтмұхан жас болғандықтан әлі де кемшіліктері бар. Өткен жылы Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған турнирде Ризабек америкалық Джонатан Айеллоны 8 ұпаймен жеңіп жатса да, соңында 9:12 есебімен есе жіберді. Бұл жерде аздаған функционалдық және психологиялық мәселелер әсер еткен болуы мүмкін. Осы жолы біз Ризабектен тек жеңіс күтеміз. Белдесу туралы хабарландыру ерте шықты, демек оған жақсы дайындалуға уақыт жеткілікті болды. Өз елінде күресетіндіктен, ол барын салып, намысты қолдан бермеуі тиіс. Бұл – Қазақстанды дүние жүзіне танытуға үлкен мүмкіндік! Біз бәріміз Ризабекке жанкүйерміз!»

Айта кететін жәйт, Кайл Снайдер бірден екі белдесу өткізеді. Оның тағы бір қарсыласы Ресей атынан күресетін Еуропа чемпионы Әлихан Жабраилов болмақ.

Турнир бағдарламасы:

Әйелдер күресі (76 кг дейін)

Жәмиля Бақбергенова (Қазақстан) – Айпері Медетқызы (Қырғызстан)

Грек-рим күресі

67 кг дейін: Луис Орта Санчес (Куба) – Славик Галстян (Армения)

77 кг дейін: Ақжол Махмұдов (Қырғызстан) – Ибрагим Ганем (Франция)

77 кг дейін: Айк Мнацаканян (Болгария) – Сергей Степанов (Ресей)

97 кг дейін: Артур Саргсян (Ресей) – Габриэль Росильо (Куба)

97 кг дейін: Кирилл Маскевич (Беларусь) – Айк Хлоян (Армения)

Еркін күрес

61 кг дейін: Заур Угуев (Ресей) – Гуломжон Абдуллаев (Өзбекстан)

79 кг дейін: Автандил Кенчадзе (Грузия) – Ахмед Усманов (Ресей)

86 кг дейін: Магомед Рамазанов (Болгария) – Арслан Багаев (Ресей)

86 кг дейін: Азамат Дәулетбеков (Қазақстан) – Магомедхабиб Кадимагомедов (Беларусь)

97 кг дейін: Кайл Снайдер (АҚШ) – Ризабек Айтмұхан (Қазақстан)

97 кг дейін: Кайл Снайдер (АҚШ) – Әлихан Жабраилов (Ресей)

Ислам Байрамұқов

Фото:instagram.com/islam_bairamukov_97