Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Айдос Тастаев: кемі бір белбеу алмай тоқтамаймын

Спорт Пульс тілшісі қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Тастаевпен сұхбаттасып, кәсіпқой боксқа қалай келгені жайында, қандай менеджермен жұмыс жасап жатқаны туралы және алдағы жоспарлары жайында айтып берді.

— Айдос, боксқа қалай келдің?

— Алғаш рет боксқа келуіме анам мен әкем себепші болды. Әкеме бала кезімде күнде «боксшы болғым келеді» деп айтып жүретінмін. Анам да менің бұл арманымды қолдап, «осы бала боксшы болатын секілді, боксқа берейік» деді. Сөйтіп, алғашқы бапкерім — Мақсұт Сайымбетовке келіп, жаттығуды бастадым. Сол кезден бастап әуесқой деңгейде, қаларалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар ала бастадым.

— Мансабыңды кәсіпқой бокста жалғастыруға не себеп болды?

— Иә, менің басты арманым — кәсіпқой боксшы болу еді. Бала кезімнен Геннадий Головкин, Майк Тайсон, Мұхаммед Әли секілді аңыз боксшылардың жекпе-жектерін күнде қарап, мотивация алатынмын. Алғаш рет кәсіпқой боксқа 22 жасымда қадам бастым. Сол күннен бастап, Аллаға шүкір, өз жолымды таптым деп ойлаймын.

Бұл салада бағындырмаған белестерім өте көп. Бәрі жоспар бойынша жасалып жатыр. Кемі бір белбеу алмайынша тоқтамаймын.

— Қазір қандай бапкер, менеджермен жұмыс жасап жатырсың?

— Қазіргі таңда Астана қаласында бапкерім — Абдреш Дамирмен бірге алдағы жекпе-жектерге дайындалып жатырмыз. Жақында ол жекпе-жектер туралы жаңалықтарыммен бөлісемін. Сонымен қатар, менеджерім әрі ағам Жанпейіс Назарғали екеуіміз бірлесе жұмыс істеп, үлкен жоспарлар құрып жатырмыз.

— Алға қойған мақсатың қандай?

— Алға қойған басты мақсатым — әлем чемпионы атану. Соған жету үшін күн сайын еңбек етіп, тынымсыз дайындалып жүрмін. Алла қаласа, бұл мақсатқа да жетеміз. Ал осы жылы болса, төрт жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмын. Оның біреуін өткізіп жеңіске жеттім, алда тағы үшеуі бар.