19.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Айдос Медет: Джервонта Дэвис кардында өнер көрсетуге ұсыныс түсті

Айдос Медет: Джервонта Дэвис кардында өнер көрсетуге ұсыныс түсті

Жеңілмеген қазақстандық жас кәсіби боксшы Айдос Медет (12-0-8 KO) Спорт Пульс тілшісіне берген сұхбатында АҚШ-тағы өмірі жайында, Джервонта Дэвистің кардында өнер көрсетуге ұсыныс түскені туралы және алдағы жоспарларымен бөлісті.

Айдос АҚШ-тағы өміріңіз туралы айта өтсеңіз? Қандай бапкерлермен жұмыс жасадыңыз? 

Соңғы сапарымда АҚШ-та 1 жылдан аса уақыт болдым. Ол жақтың ұнайтын тұстарымен қатар, кері жақтары да көп болды. Жалпы, Америкада өмір сүру маған ұнады. Ондағы ең мықты деген залдардың бірі Matchroom промоутерлік компаниясының залында жаттықтым. Оған қоса, бірнеше басқа залдарда да дайындалдым. Бапкерлерден Джеймс Бадди МакГирт, Педро Неме, Родриго Москеро сынды мамандармен жұмыс істедім. Олар жайлы ғаламторда ақпарат көп.

Жұмыс визасы бойынша мәселелер шешілді ме?

Бір уақыттары визамен мәселе болғаны рас. Әйгілі боксшы Джервонта Дэвиспен Франк Мартин арасындағы жекпе-жектің кардында өнер көрсетуге ұсыныс түсті. Ол жекпе-жек 6-8 раундқа жоспарланған болатын. Өкінішке қарай, сол сәтте виза мәселесіне байланысты өнер көрсете алмадым. Қазір шүкір, виза мәселесі шешілді. Толықтай емін-еркін жүріп-тұра аламын.

Қазір менеджермен жұмыс жасап жатырсыз ба?

Менеджерім бар. 4-5 жекпе-жектен кейін жақсы промоутермен тиімді келісімшартқа отырғым келеді. Қазірдің өзінде промоутерлермен келісімшарт жасауға болады, бірақ әзірге өзімді Америка нарығында жұлдыз бола алатынымды дәлелдеп, жақсы келісімшартқа қол қойғым келеді.

Қазақстанда қайта жекпе-жек өткізгіңіз келмей ме?

Әзірге Қазақстанда өнер көрсеткім келмейді. Өзімді әлемге таныту үшін Америка нарығы дұрыс деп ойлаймын.

Америкалық боксшылардың кәсіпқойға оңай ауысының сыры неде?

Ол жақтың бокс мектебі негізінен орта және жақын қашықтыққа бағытталғандықтан, олардың кәсіпқойға ауысуы оңайырақ. Егер біз де сол элементтерді енгізсек, кәсіпқой деңгейіне дайын күйде шығар едік.

Қандай боксшылардың стилі ұнайды? 

Қазір Шакур Стивенсон, Наоя Иноуэ және Джервонта-ның жекпе-жектерін жиі қараймын. Негізі бала кезімді Рой Джонстың жекпе-жектерін көріп өстім.