23.12.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Айбол Әбікен: «Черчесов өте қатал бапкер, бірақ арасында қалжындасатыны бар»

Айбар Рысдаулет
Айбар Рысдаулет
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Екі жылдық үзілістен кейін алаңға қайта оралған Айбол Әбікен биылғы маусымдағы қиындықтары, «Ордабасы» сапындағы нәтижелері және ұлттық құрамамен жұмысы туралы бөлісті. Футболшы чемпиондықтан айырылып қалу себебін түсіндіріп, болашақ жоспарлары жайлы айтты.

Айбол, қалыңыз қалай? Чемпионат аяқталғанына бір айдай уақыт өтті. Қазір уақытыңызды қайда өткізіп жатырсыз?

Аллаға шүкір, бәрі жақсы! Қазіргі уақытта өзімнің дене шынықтыруымды қалпына келтіріп, жаттығуларымды үзбей жасап жүрмін. Сонымен қатар, достарыммен бірге футбол ойнап, отбасыммен көбірек уақыт өткізіп жатырмын. Мұндай демалыс денемді сергітіп, алдағы маусымға дайындалуға жақсы мүмкіндік беруде.

Маусым аяқталды, «Ордабасы» чемпионатты 4-ші орынмен аяқтады. Команданың бұл нәтижеге көңілі тола ма?

Шыны керек, көңіліміз толмайды. Себебі маусымның басынан бастап көш басында келе жатып, соңында чемпиондықтан айырылып қалғанымыз өте өкінішті жағдай болды. Барлығымыз жеңімпаз болуды мақсат тұтқан едік.

«Ордабасы» чемпиондық атағын қорғай алмады. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

Негізі чемпиондықты сақтап қалуға барлық мүмкіндік болды, бірақ сәттілік кей сәттерде бізге жолдас болмады. Кейбір шешуші матчтарда ұпай жоғалтып алдық, ал бұл чемпиондық үшін күресте аса маңызды еді. Сондай-ақ, маусым соңындағы кейбір жарақаттар мен ойыншылардың шаршауы да әсер етті деп ойлаймын.

Биыл ұзақ уақыттан соң алаңға оралдыңыз. Маусым басында өзіңізге қандай да бір мақсат қойдыңыз ба? Егер мақсат қойсаңыз, оны орындай алдыңыз ба?

Иә, екі жылдық үзілістен кейін футболға оралу мен үшін оңай болмады. Физикалық және психологиялық тұрғыдан көп жұмыс істеуге тура келді. Маусым басында өзіме екі басты мақсат қойдым: біріншісі – «Ордабасымен» чемпион атану, ал екіншісі – ұлттық құрамаға қайта шақырту алу. Өкінішке қарай, чемпион болу мүмкін болмады, бірақ өзімнің ойын деңгейімді қалпына келтіріп, ұлттық құрама сапына оралу мақсатымды орындадым.

«Ордабасымен» келісімшарт аяқталып, қазір командасыз жүрсіз. Өзге клубтардан ұсыныс түсті ме?

«Ордабасымен» келісімшарт мерзімі аяқталған соң, әзірге маған ешқандай ресми ұсыныс немесе әңгіме болған жоқ. Қазір болашағымды анықтау үшін уақыт керек. Бірақ болашақта қандай да бір қызықты ұсыныстар түсетініне үміттімін.

Ұлттық құрама сапында оралдыңыз. Станислав Черчесовпен жұмыс істеу қалай екен?

Абикен3

Станислав Саламұлы өте талапшыл және қатал бапкер. Бірақ сонымен бірге, ол ойыншылармен ашық сөйлесіп, кейде қалжыңдасып, командалық рухты жоғары ұстауға тырысады. Оның тәжірибесі мен тәсілдері бізге үлкен көмегін тигізіп жатыр. Мен үшін мұндай бапкермен жұмыс істеу үлкен мүмкіндік.

Биылғы маусымда есіңізде қалған матч немесе ерекше сәт қандай?

Маусым бойы ерекше есте қалатындай матч аз болды. Бірақ жеке өзім үшін ең маңыздысы – алаңға қайта оралып, өз ойынымды көрсету мүмкіндігіне ие болғаным. Бұл мен үшін биылғы маусымның ең маңызды сәті.