11.01.2025
Оқу уақыты: 4 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Australian Open 2025: қазақстандық теннисшілердің жеңіске жету мүмкіндіктері қандай?

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Александр Ляхов теннисный эксперт 1

Жексенбі күні Мельбурнда Аустралия ашық чемпионаты басталмақ, онда Қазақстан атынан жекелей сында бірнеше спортшы: Александр Бублик, Александр Шевченко, Елена Рыбакина және Юлия Путинцева қатысады. Жұптық сында Александр Недовесов және Анна Данилина өнер көрсетеді, сондай-ақ Бублик Шевченкомен, ал Путинцева қытайлық Ван Сиюмен жұптасып ойнайды. Ал, жасөспірімдер турнирінде кортқа Әмір Омарханов пен Заңғар Нұрланұлы шықпақ.
Sport Pulse-ке берген сұхбатында сарапшы Александр Ляхов қазақстандық теннисшілердің жеңіске жету мүмкіндіктеріне болжам жасады.

– Александр, Елена Рыбакинадан бастайық. Оның қарсыластарынан басым түсу мүмкіндігі қандай?

– Егер сіз бұл сұрақты маған бірнеше апта бұрын қойсаңыз, оның мүмкіндігі өте жоғары дер едім. Жаңа бапкері – Горан Иванишевич тәжірибелі маман, ол Джоковичпен жұмыс істеген. Алайда, бұрынғы бапкері Стефан Вуковпен болған соңғы оқиғалар кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл жағдайлар тұрақсыздық тудырады, бірақ осы турнирге дейін Елена керемет өнер көресете білді. United Cup бәсекесін сенімді бастағанымен, Швентекке қарсы матчта қателіктерге жол беріп, көп мүмкіндіктерді жіберіп алды.
Australian Open-гі қарсыластарына қарасақ, Рыбакина төртінші кезеңге дейін жетуі керек. Одан әрі не болатынын уақыт көрсетеді.

Рыбакина источник olympic.kz
Елена Рыбакина. Сурет: olympic.kz

– Юлия Путинцева туралы не айтасыз? Оның шеберлік деңгейі турнирді бағындыруға мүмкіндік бере ме?

– Юлия соңғы бір жылда айтарлықтай өзгерді. Ол әмбебап ойыншыға айналды және кез келген кортта – топырақта, шөпте, хардта – сенімді ойнайды. Бұл оның басты артықшылығы. Қарсыластарына қарасақ, Юлия үшінші кезеңге оңай жетуі керек. Ал ширек финалға шығуы үлкен табыс болар еді. Қалай болғанда да, оның мүмкіндігі жаман емес.

2024 US Open Day 4
Юлия Путинцева. Сурет: Jamie Squire/Getty Images

– Александр Шевченконың турнирдегі алғашқы қарсыласы әлемнің үшінші ракеткасы испаниялық теннисші болмақ. Бұл ойынға қандай болжам жасайсыз?

– Өкінішке қарай, Шевченкоға жеребе жолдас болмады – ол Карлос Алькарасқа қарсы ойнайды. Александрдың әлеуеті бар, бірақ қазіргі уақытта ол үздік ойыншылар деңгейіне жетпеген. Бірінші кезеңнен өту өте қиын болады.

Александр Шевченко фото из открытых источников
Александр Шевченко. Сурет ғаламтордан алынды

– Александр Бублик ерекше мәнерде ойнайды. Бұл оған Australian Open-де көмектесе ме?

– Бубликте керемет талант пен үздік-20 теннісшінің қатарынан көріну әлеуеті бар, бірақ оның мәселесі – күрескерлік мінезінің жетіспеуі. Теннисте табысқа жету үшін тұрақты жаттығу қажет, ал Саша бұны ұнатпайды. Оның Франсиско Серундолоға қарсы матчы өте тартысты болады, бірақ жеңіске жету ықтималдығы төмен.

Бублик источник ФКТ
Александр Бублик. Сурет: ktf.kz

– Турнирдің негізгі фавориттері кімдер деп ойлайсыз?

– Әйелдер арасында негізгі тартыс алғашқы алтылықтың арасында өтеді: Арина Соболенко, Ига Швентек, Коко Гауфф, Жасмин Паолини, Чжэн Циньвэнь және, әрине, Елена Рыбакина. Ерлер арасында фавориттер айқын: Янник Синнер, Александр Зверев, Карлос Алькарас, Тейлор Фриц, Даниил Медведев және Новак Джокович. Әсіресе Джокович өте қауіпті – Мельбурн оның жеңіске жиі жететін орны, мұнда ол 10 мәрте чемпион болған. Оның жанкүйерлері көп. Сондықтан Джокович осы жолы жас ойыншыларға төтеп бере ала ма, жоқ па? Осы сұраққа жауап алу қызық болғалы тұр.

– Бублик Шевченкомен, ал Путинцева қытайлық Ван Сиюмен жұптасып ойнайды. Сондай-ақ, бұл бәсекеде қазақстандық Александр Недовесов пен Анна Данилина өнер көрсетеді. Олардың жұптық сайыстағы тәжірибесі Australian Open-де нәтиже бере ала ма?

– 37 жастағы Недовесов құрдасы Робин Хасемен бірге ойнайды. Бұрын әлем рейтингінде 33-ші орында тұрған голландиялықты біздің теннисшілер Дэвис Кубогы матчтарынан жақсы біледі. Бірақ дуэттің өзі жаңа, сондықтан екі теннисшінің бір-біріне қаншалықты қолайлы серіктес екендерін тек турнир көрсетеді.
Ал, 29 жастағы Данилина мен оның замандасы ресейлік Ирина Хромачеваның өткен жылы Парма, Бари, Яссы, Гвадалахара, Хуахин және Уханьдағы жарыстарда жеңіске жеткендерін, соңғы турнирдің тіпті WTA 1000 жоғары санатына жататынын ерекше атап өткен жөн. Сондықтан Мельбурнда олар финалды көздей алады.
Бублик/Шевченко жұбының бірінші раундтан өтуі екіталай, бірақ Путинцева/қытайлық Ван Сиюй — мен үшін жұмбақ. Олар жеңіс тұғырында жарқырауы да мүмкін.

Александр Недовесов
Александр Недовесов
Анна Данилина
Анна Данилина

– Жасөспірімдер – Әмір Омарханов пен Заңғар Нұрланұлы туралы не айтасыз?

– Екі жас спортшының да әлеуеті бар, бірақ Траралгондағы жасөспірімдер турниріндегі нәтижелері көңіл көншітпейді. Бұған уақытша қиындықтар себеп болуы мүмкін. Дегенмен, Қазақстан теннис федерациясы үлкен қолдау көрсетуде, олар Еуропадағы ең үздік академияларда жаттығып жүр. Атап айтқанда, Омарханов Белградтағы Янко Типсаревич академиясында, ал Нұрланұлы Братиславадағы Доминика Цибулкова академиясында дайындалуда. Бір-екі жыл ішінде олар Қазақстанның негізгі құрамында ойнай алатын деңгейге жетуі мүмкін.

Амир Омарханов и Зангар Нурланулы фото ktf.kz
Әмір Омарханов және Заңғар Нұрланұлы. Сурет: ktf.kz

Қорытынды: Сонымен, Рыбакина мен Путинцеваның Australian Open турнирінде бірінші айналымнан өту мүмкіндіктері жоғары, ал Шевченко мен Бубликті алғашқы ойында жеңісті оңай жолмен бере қоймайтын азулы қарсыластар күтіп тұр.
Жас буынға үлкен үміт артылады және болашақта олар Қазақстан теннисінің тірегіне айналады деп сенеміз.
Қорыта айтқанда, 2025-ші жылғы теннис маусымы қызықты болғалы тұр, ал қазақстандық спортшылардың «Үлкен дулыға» турниріне қатысуы жанкүйерлерге Австралия корттарындағы ойындарды жіберіп алмауға қосымша себеп болмақ.