21.10.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Астананың» Конференция лигасынан «іліп алары» бар ма?

«Челси» Конференция лигасының басты фавориті екені сөзсіз. Сүреңсіз ойынына қарамастан ағылшындық команда бұл турнирде өзге клубтардан бір бас жоғары. Биыл трансферлік нарықта ерекше белсенділігімен көзге түскен «Челсидің» құны 950 миллион еуроны құрайды екен. Ал Конференция лигасында трансферлік құны бойынша екінші орында тұрған «Фиорентина» бар болғаны 270 миллион еуроға бағаланған. Осыдан-ақ ағылшын командасының бұл Лигада «артық» екені байқалады.

Десе де футболда ақша ойнаймайтынын бәрі жақсы біледі. Оның үстіне, дәл қазір «Челси» үшін Конференция лигасынан бұрын, Ағылшын Премьер-лигасы маңыздырақ. Сондықтан еурододада аса назар аудармауы да мүмкін.

Елордалық «Астананы» Конференция лигасының фавориті, тіпті, ортаңқол командасы деп айтуға келмейтіні анық. Десе де елордалық ұжымның 6 ойыннан кейін 24 үздік команданың қатарына еніп, плей-офф жолдамасы үшін күресуге қауқары жетеді.

Алғашқы ойында «Астананы» Алматыда «Бачка-Тополаны» жеңіп, жарысты сәтті бастады. Ал алда маңызды бес ойын күтіп тұр. 24 қазанда сырт алаңда жарыстың басты аутсаудері «Нью-Сейнтспен» кездеседі. Бұл ойында Григорий Бабаянның командасы үш ұпайды иемденсе, турнирлік кестедегі жағдайын әлдеқайда жақсартып алады.

«Нью-Сейнтс» жарыстың басты аутсайдері болғанымен, Уэльстегі ең титулы көп команданың бірі. Премьер-лиганың 16 мәрте жеңіп, рекорд орнатқан. Былтыр чемпион атанып, Чемпиондар лигасының іріктеуіне жолдама алды. Алғашқы іріктеу раундында черногориялық «Дечичтен» басым түсіп, екінші кезеңде Мажарстанның «Ференцварошына» есе жіберді. Еуропа лигасында «Петрокубтан» жеңіліп қалды. Конференция лигасының плей-офф сатысында Литваның «Паневежис» командасына мүмкіндік бермей, топтық кезеңге жолдама алды.

Бұған қоса «Астанаға» жарыс көшбасшылармен Қазақстанда ойнайтыны «қол» болып тұр. Қараша және желтоқсан айларында «Астана» өз алаңында Португалияның «Витория» және ағылшынның «Челсиін» қабылдайды. Фавориттермен «Астананың» өз алаңында қалай ойнайтынын отандық жанкүйерлер жақсы біледі. Сондықтан алдағы екі өз алаңымыздағы матчтан кем дегенде үш ұпай алуға мүмкіндік бар.

Football Meets Data сарапшыларының болжамы бойынша, «Астана» плей-офф жолдамасынан қағылады. 6 ойынның нәтижесі бойынша 26 орынға жайғасады деп болжайды. Ал плей-оффқа өту мүмкіндігі бар болғаны 6% құрайды екен.

«Астананың» қалған матчтарының күнтізбесі:

— 25 қазан: «Нью-Сейнтс» (Уэльс) — «Астана»

— 7 қараша: «Пафос (Кипр) — «Астана»

— 28 қараша: «Астана» — «Витория» (Португалия)

— 12 желтоқсан: «Астана» — «Челси» (Англия)

— 19 желтоқсан: АПОЭЛ (Кипр) — «Астана»