29.05.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Астанадағы халықаралық конкур бәсекесінде Әлем кубогының лицензиясы сарапқа салынады

Астанадағы халықаралық конкур бәсекесінде Әлем кубогының лицензиясы сарапқа салынады

30 мамыр мен 1 маусым аралығында Астана қ. «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде ауқымды халықаралық жарыстар – конкур бойынша Еуразия Лигасының Әлем Кубогы кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир (FEI CDI 1*) өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz

Жарысқа алыс және жақын шетелден мықты құрама командалар қатысады. Іс-шара халықаралық стандарттарға сәйкес Халықаралық ат спорты Федерациясының (FEI) қолдауымен өтеді.

Армения, Грузия, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 60-қа жуық спортшы күш, дәлдік, үйлесім және жылдамдық талап етілетін жарыс түрлерінде өз шеберліктерін көрсетіп, бақ сынайды.

Жарыстарда Әлем Кубогы кезеңі мен Халықаралық турнирлерде бұған дейінгі кезеңдердің жеңімпаздары мен болашақ дебютанттар – Евразиялық лиганың ең мықты шабандоздары бақ сынайды.

Қазақстандық спортшылар үздік нәтиже көрсетуге дайын. Биылғы жылы Қырғызстан мен Өзбекстанда өткен Әлем кубогының кезеңдерінде Ксения Баталова, Нүрила Тұрысбекова, Даяна Онаева және Олег Соколенколар жүлделі орындарға ие болды. Ал мәнерлеп жүруден Қазақстан құрамасында жақында Қырғызстанда халықаралық турнирде  командалық есепте күміс жүлдені жеңіп алған Дарья Попова, Карина Жарылғапова және Роза Дәуренбектер бар.

Әлем Кубогының кезеңін Қазақстанда өткізу ат спортына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – тек ел үшін ғана емес, барлық ат спорты жанкүйерлері үшін маңызды спорттық іс-шара болмақ.

Конкур – ол тұлпардың және шабандоздың кедергілерден өту қабілетін анықтайтын олимпиадалық спорт түрі. Мақсат – қашықтықты қателіксіз әрі мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде еңсеру.

Атпен мәнерлеп жүру – ат спортының жоғары деңгейі, мұнда шабандоз бен ат арнайы аренада дәлдікпен және үйлесімділікпен түрлі қимылдарды орындайды.

Ауқымды деңгейдегі жарыстар қазақстандық спортшыларға өз шеберліктерін арттырып, шетелдің мықты шабандоздарымен бәсекеге түсіп, халықаралық турнирлерге біліктілік жолдамаларын алу мүмкіндігін береді. Жалпы жүлде қоры 24 000 USD.

Жарыс 30 мамыр күні таңғы 9:00-де басталады.