Оқу уақыты: 1 мин

Астанада Virtus теннистен әлем чемпионаты басталды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Астанада Virtus теннистен әлем чемпионаты басталды

Астанадағы «Даулет» теннис орталығында зияткерлік дамуында ерекшелігі бар жандар арасында Virtus әлем чемпионаты басталды. Бұл – Азия құрлығында алғаш рет өтіп жатқан осындай деңгейдегі жарыс.

Казақстан теннис федерациясы вице-президенті Диас Досқараев турнирдің ашылу салтанатында елімізде инклюзивті теннистің дамуына баса мән беріліп жатқанын атап өтті:

«Соңғы үш жылда арбада отырып ойнайтын теннисшілерге арналған бөлімдер еліміздің сегіз қаласында ашылды. Республикалық кубоктар мен чемпионаттар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. 2024 жылы ұлттық құрама жасақталып, алғаш рет әлем чемпионатының іріктеуіне қатысты. Қазірдің өзінде екі спортшымыз әлемдік рейтингте ТОП-200 қатарына кірді. Бұл жолғы турнир қатысушыларына сәттілік тілеймін», – деді ол.

Жарысқа Қазақстаннан бөлек, Бельгия, Аустралия, Польша, Италия, Ұлыбритания, Үндістан және Франциядан 50-ден астам спортшы қатысуда.

Бәсеке үш санат бойынша өтеді:

  • II1 – жеңіл дәрежелі ақыл-ой кемістігі бар спортшылар;
  • II2 – Даун синдромы бар спортшылар;
  • II3 – аутизм спектрі бұзылысы бар спортшылар.

Финалдық кездесулер 10 мамыр күні өтеді. Турнирдің бас серіктесі – «Верный Капитал».