03.09.2025
Оқу уақыты: 3 мин

Астанада АОК-нің VI Құрлықтық спортшылар форумының алғашқы күні өз мәресіне жетті

Астанада АОК-нің VI Құрлықтық спортшылар форумының алғашқы күні өз мәресіне жетті

2 қыркүйекте елордада Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) VI Құрлықтық спортшылар форумының алғашқы күні өтті.

Іс-шара Olympic Solidarity бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оған Азияның 42 Ұлттық Олимпиадалық комитетінен, Халықаралық Олимпиадалық комитеттен және АОК басшылығынан келген 120-дан астам делегат қатысты.

Алғашқы күннің басты тақырыптарының бірі — Спортшылар комиссиясының жұмысы және атлеттерді қолдау тетіктері болды.

Бастапқы сессияда АОК өкілдері Харбинде өткен сайлаудың қорытындыларын және Комиссияның алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын талқылады.

ХОК Спортшылар комиссиясының төрайымы Эмма Терхо Масома Али Зада және Чжан Хунмен бірге құрылымның қазіргі қызметі мен негізгі бастамалары — Athlete 365 және Athlete Career+ туралы жан-жақты мәлімет берді.

«Мен алғаш рет Астанаға келіп тұрмын. Қаланың тазалығына, халықтың мейірімділігіне таң қалдым.

Бүгінгі форум тек спорт ұйымдарының қызметкерлері үшін ғана емес, ең алдымен спортшылар үшін маңызды. Мұнда идея алмасуға, еркін пікірлесуге, өзекті тақырыптар мен сұрақтарды талқылауға мүмкіндік бар», — деді Эмма Терхо.

 

Алғашқы күннің басты бөлігі Халықаралық Олимпиадалық комитеттің білім беру жобалары мен шәкіртақы тақырыбына арналды. Olympic Solidarity бағдарламасы Бас директорының орынбасары Оливье Ньямки мен құрлықтық менеджер Эдвард Кенсингтон спортшыларға берілетін қаржылай қолдау мен грант мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Сондай-ақ осы сессия аясында Олимпиада чемпионы, Қазақстан ҰОК Спортшылар комиссиясының төрайымы және АОК Атқару комитетінің мүшесі Ольга Рыпакова мен фристайл-акробатикадан үш дүркін Олимпиада ойындарының қатысушысы Жанбота Алдабергеновамен ашық диалог өтті.

«Бүгін Астанада басталған Құрлықтық спортшылар форумы атлеттер үшін өте маңызды. Мұнда олар өз құқықтары мен мүмкіндіктері жайлы көбірек біле алады. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, спортшылардың жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салады.  Бұл әрбір атлеттің тек Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде дамуына үлкен серпін береді деп есептеймін», — деді Ольга Рыпакова.

 

Алғашқы күннің практикалық бөлімінде спортшылар Комиссия өкілдерімен өзара тәжірибе алмасты. ХОК Спортшылар комиссиясын қолдау жөніндегі менеджері Артур Милройдың жетекшілігімен қатысушылар Комиссияның жұмысын қалай тиімді етуге болатынын талқылады. Сондай-ақ қаржыландыру тетіктерін қарастырып, озық тәжірибелермен танысты және топтық жұмыстарға қатысты.

«Ең алдымен, форумды ұйымдастыруға үлес қосқан баршаңызға, соның ішінде Қазақстан ҰОК-не алғыс айтамын. Бұл жиынға біз ұзақ дайындалдық. Әсіресе 20 шілдеден кейін, Қазақстанға инспекциялық сапармен келген кезден бастап белсенді жұмысқа кірістік. Сол уақыттан бері барлық іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін Қазақстан ҰОК командасымен тығыз байланыста болдық.

Астанада Азия құрлығындағы 42 Ұлттық Олимпиадалық комитеттің өкілдері жиналды. Бүгін біз көптеген маңызды тақырыптарды, соның ішінде ХОК бағдарламаларын талқылап, нәтижелі жұмыс атқардық. Форумның басты мақсаттарының бірі — тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Қатысушылар өз елдеріне оралған соң, осында алған білім мен тәжірибені тиімді пайдаланатынына сенімдімін», — деді Азия Олимпиадалық кеңесінің Ұлттық Олимпиадалық комитеттермен байланыс және даму бағдарламалары жөніндегі директоры Виссам Тркмани.

 

Айта кетейік, форумның жалпы бағдарламасына пікірталас алаңдары, тақырыптық топтағы жұмыс, семинарлар және спикерлермен ашық сұхбаттар кіреді. Сонымен қатар іс-шара аясында Астананың Орталық саябағында 2026 жылы Аичи-Нагояда өтетін алдағы Азия ойындарын қолдауға арналған Fun Run символдық жүгіру шарасы өтеді. Ол 3 қыркүйекте ұйымдастырылады.