12.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Астанада 18-ші халықаралық «Президент кубогы» турнирі өтеді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Астанада 18-ші халықаралық «Президент кубогы» турнирі өтеді

Астанада 27 шілде мен 16 тамыз аралығында еліміздегі ең беделді әрі ауқымды теннис жарыстарының бірі — 18-ші халықаралық «Президент кубогы» өтеді. Beeline Arena ұлттық теннис орталығының ашық хард корттарында өтетін турнир ATP Challenger Tour мен ITF World Tennis Tour сериялары аясында ұйымдастырылады. Жарысқа Қазақстанның атынан Григорий Ломакин, Амир Омарханов, Занғар Нұрланұлы, Дамир Жолдасбай, Аружан Сагандыкова, Асылжан Арыстанбекова, Сандуғаш Кенжебаева сынды үздік теннисшілер қатысады.

1991 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл турнир 2007 жылы халықаралық мәртебе алып, кәсіби теннис жолында талай жұлдыздың тұсауын кескен. Президент кубогында кезінде Даниил Медведев, Андрей Рублёв, Карен Хачанов, Себастьян Корда сияқты әлемдік деңгейдегі ойыншылар өнер көрсетсе, әр жылдары Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Илья Марченко, Себастьян Оффнер, Райнер Шуттлер, Иван Додиг пен Чжан Шуай сынды чемпиондар тарихта өз ізін қалдырған.

Президент кубогы — бұл жай ғана турнир емес, бұл үлкен тенниске бастар қақпа, жаңа есімдер мен жарқын жеңістердің мекені. Спортты сүйетін әр жан үшін нағыз мереке.