02.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Астана» – «Қайрат» матчының тағдырын бір ғана гол шешеді, бірақ оны кім соғатынын болжау қиын – футбол сарапшысы Нүркен Мырзағалиев

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстан премьер-лигасы басталды, және бірінші турдан-ақ жанкүйерлерді чемпионаттағы ең қызықты ойындарының бірі күтуде. 2 наурызда «Астана Арена» алаңында елордалық «Астана» мен алматылық «Қайрат» кездеседі – бұл қазақстандық футболдың екі алып клубы, әрқашан жүлделі орындарға таласатын командалар. Матч өте тартысты өтеді деп күтілуде, себебі қос команда да өз көшбасшыларын сақтап қалып, маусымды сәтті бастауды көздейді.

Бұл ойыннан не күтуге болады? Осы және өзге де сұрақтарға Sport Pulse порталына эксклюзивті сұхбат берген футбол сарапшысы Нүркен Мырзағалиев жауап берді.

– Нүркен, «Астана» – «Қайрат» матчын бірінші турға қою қаншалықты дұрыс шешім болды?

– Шынымды айтсам, бұл кездесуді кейінірек, мамыр-маусым айларында көргім келер еді. Ол кезде командалар толық бабына келіп, өз ойындарын табар еді. Бірақ күнтізбе осылай бекітілген, сондықтан біз бұл матчты қазір тамашалаймыз.

– Бұл ойында фаворитті атауға бола ма?

– Қиын сұрақ. 22 ақпанда өткен Қазақстан Суперкубогында «Қайрат» мені аса таңғалдырмады. Олардың ойынына үлкен үміт артқан едім, өйткені құрамында мықты ойыншылар бар. Мысалы, Жоао Пауло – өте шебер футболшы. Бірақ олар әлі өздерінің бар мүмкіндігін көрсете алған жоқ.

Дегенмен, «Қайраттың» әлеуеті жоғары. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізді, сондықтан оның тактикалық идеяларын көру қызықты болмақ.

Мен Валерий Громыконы ерекше атап өткім келеді. Ол осы маусымның үздік ойыншыларының бірі бола алады. Суперкубокта өз маңыздылығын көрсетті – гол соқты, нәтижелі пас берді. Жалпы, Георгий Зарияға қарағанда сенімдірек ойнады.

– «Астана» өткен маусыммен салыстырғанда қалай өзгерді?

– Команда негізгі ойыншыларын 100%-ға дерлік сақтап қалды. Сондай-ақ, бұрынғы аяқдопшылары Дмитрий Шомко мен Арман Кеңесов қайта оралды. Сөзсіз бұл команданы күшейтті.

«Астана» – ойыны жақсы қалыптасқан команда. Бас бапкер Георгий Бабаян үлкен өзгерістер жасайды деп ойламаймын. Олар өткен маусымдағы ойын үлгісін жалғастыра береді. Құрамында тәжірибелі ойыншылар жеткілікті, бұл айқын сезіледі.

– Матчқа қандай болжам жасайсыз?

– Ойын тартысқа толы болатыны анық. Бір ғана гол матчтың тағдырын шешуі мүмкін, бірақ оны кім соғатынын айту қиын. Қазір екі команда да елімізде ең мықтылардың қатарында, сондықтан бізді өте қызықты ойын күтіп тұр.

Ойынды қайдан көруге болады: 

Стадион: «Астана Арена», Астана

Басталуы: 18:00

Тікелей көрсетілім: Qazsport

Басты сурет: «Астана» ФК