02.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Астана» – «Қайрат» кездесуі тең есеппен аяқталуы мүмкін – комментатор Димаш Төлегенов

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

2 наурызда Қазақстан чемпионатының алғашқы турында алтынға басты үміткер қос команда – «Астана» мен «Қайрат» кездеседі.

Қазақстан футболының қос алыбынан не күтеміз? Суперкубокты иеленген «Қайрат» жеңісті жолын жалғастыра ала ма? «Астана» ұзақ үзілістен кейін өз алаңында қарсыласқа тойтарыс беруге әзір ме? Осы және өзге де сұрақтарға Sport Pulse порталына эксклюзивті сұхбат берген спорт журналисі әрі комментатор Димаш Төлегенов жауап берді.

– «Астана» – «Қайрат» матчы – көптен күткен ойындардың бірі. Бұл кездесудің басты интригасы неде?

– Бұл матчты жарнамалаудың қажеті де жоқ. Өткен маусымның үздік екі командасы соңғы турға дейін чемпиондық үшін таласты. «Астана» мен «Қайрат» – қазақстандық футболдың көшбасшылары. Олардың кездесуі әрқашан қызығушылық тудырады, ал бұл ойынның маусымның алғашқы турында өтуі интриганы одан әрі арттыра түседі.

Егер командаларға таңдау берілсе, олар бір-бірімен кейінірек, оңтайлы формаға келген соң кездескенді қалар еді. Бірақ көрермендер үшін жақсы – олардың деңгейін бірінші турдан-ақ көре аламыз.

– «Қайрат» Суперкубокты жеңіп алды. Бұл ойынға қаншалықты әсер етеді?

– Әрине, Суперкубоктағы жеңіс психологиялық артықшылық береді. «Қайрат» сенімді көрінді, қарсыластың жіберген қателіктерін де пайдаланды. Енді олар «Астана Аренада» қатарынан екінші матч өткізіп, тағы да жеңіске жетуді көздейді.

Бірақ «Астананың» өз мотивациясы бар. Олар 2023 жылдан бері алғаш рет өз алаңында, жанкүйерлерінің алдында ойнайды және бұл өте маңызды фактор. БАӘ-де өткен толыққанды дайындықтан кейін команда қазір қандай формада екенін көру қызық.

Құрамға қатысты сұрақтар да интрига қосады. Мысалы, «Ақтөбемен» өткен ойында өте жақсы ойын көрсеткен Дастан Сатпаев алаңға шыға ма? «Астана» негізгі аяқдошыларын сақтап қалды, бірақ жаңа легионерлермен күшейген жоқ. Өткен маусымның екінші жартысында олар чемпиондыққа сәл ғана жетпей қалған. Осы жолы қалай болады екен?

– Командалар қандай ойын үлгісін ұстанады деп ойлайсыз?

Григорий Бабаян мен Рафаэль Уразбахтин өз командаларын шабуылға бағыттайтыны анық. Мен екі жақтан да өткір шабуылдар күтемін. Ойын тең аяқталуы мүмкін, бірақ қалай болғанда да, бұл – КПЛ-2025-тің алғашқы турын лайықты түрде қорытындылайтын әсерлі матч болмақ.

«Астана» – «Қайрат» матчы 18:00-де басталады. Ойынның тікелей көрсетілімін Qazsport арнасынан тамашалауға болады.

Басты сурет: «Астана» ФК