25.04.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Астана» — бренд, «Қайрат» қателікті кешірмейді: бапкердің 6-тур алдындағы батыл болжамы

«Астана» — бренд, «Қайрат» қателікті кешірмейді: бапкердің 6-тур алдындағы батыл болжамы

26 сәуірде Қазақстан премьер-лигасының 6-тур ойындары басталады. Бес турдан кейін турнирлік кестеде 14 ұпаймен «Қайрат» көш бастап тұр. Алайда алматылықтар өздерінің басты қарсыластары — «Астана» мен «Тобылдан» бір ойын артық өткізген. Бұл екі команда «Қайраттан» үш ұпайға қалып келеді.

Тур қарсаңында «Жайық» жасөспірімдер футбол клубының бапкері Досхан Аубекеров Sport Pulse порталына алдағы ойындар жайлы пікір білдіріп, әр матчқа болжам жасады.

Оқжетпес – Жеңіс

— Осы ойында «Жеңіс» легионерлері қандай рөл ойнайды деп ойлайсыз?

— «Оқжетпес» өз алаңында ойнаса да, «Жеңістен» ұтылып қалатын сияқты. Себебі, көкшетаулықтардың құрамында жергілікті ойыншылар көп, ал астаналық команда сапында легионерлер бар. Сондықтан «Жеңіс» ұтады деп ойлаймын.

Сурет: «Жеңіс» ФК

Жетісу – Елімай

— Самат Смақовтың болмауы «Жетісу» ойынына қаншалықты әсер етуі мүмкін?

— Талдықорғандықтардың бапкері Самат Смақов ойыннан шеттетілді. Сол себепті бұл матчта «Елімайдың» мерейі үстем болады деп ойлаймын. Оның үстіне семейліктердің құрамы «Жетісу» клубынан мықтырақ.

Астана – Атырау

— «Астананы» фаворит ететін не?

— Бұл кездесуде фаворит — «Астана». Бұл — брендке айналған команда. Ал «Атырау» осы ойында алтыншы жеңілісіне ұшырайтын сияқты.

«Астана» ФК

Ақтөбе – Ұлытау

— Өткен турдағы қателікті қайталамау үшін «Ақтөбе» не істеуі керек?

— «Ақтөбе» бұл ойында жеңіске жетуі тиіс. Өткен матчтағы сәтсіздік жанкүйерлерін қатты ренжітті. Сол жанкүйерлерді қуанту үшін «Ұлытауды» жеңу керек. Жезқазғандық команданың құрамы аса мықты емес, негізінен қазақстандық футболшылардан құралған.

Қызылжар – Қайсар

— «Қайсар» сырт алаңда қалайша бәсекелестік таныта алады?

— Бұл кездесу тең есеппен аяқталуы мүмкін. «Қайсардың» артықшылығы — құрамында тәжірибелі қазақстандық ойыншылар бар.

Қайрат – Тобыл

— Қайсысы жеңеді?

— Бұл жерде «Қайрат» 1–2 гол айырмашылығымен жеңіске жетуі тиіс. Команда өз алаңында ойнайды және қазір тамаша формада.

Ордабасы – Тұран

— Бұл ойында кім фаворит?

— Бұл матчта фаворит — «Ордабасы» деп есептеймін.

Басты сурет: «Қайрат» ФК баспасөз қызметінен

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!