Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Асланбек Шымбергенов: Париж Олимпиадасында жеңілетінімді ішім сезді

Бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктің себебін түсіндірді деп хабарлайды Sport12.kz сайты журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына сілтеме жасап.

«Олимпиаданың алдындағы оқу-жаттығу жиынында ауырып қалдым. Температурам бір апта бойы түспей қойды. Ондай жағдай менде мүлде болмаған. Әрі кетсе, бір-екі күн ауырып, қоятынмын. Бұл да Париждегі жеңіліске себеп болды деп ойлаймын.

Жеңілісті өзі солай алып келеді ғой. Өзің сезесің. Ауырасың, жаттығуың дұрыс болмай қалады. Сондай болады өзі», — деді Шымбергенов.

Сондай-ақ, Асланбек Олимпиададағы сәтсіздіктен соң ешқандай да депрессияға түспегенін, мұны сынақ деп қабылдағанын айтты.

«Психологпен сөйлескенімде, ол: «Депрессияға түстің бе?», — деп сұрады. «Палестинада соғыс болып жатыр ғой. Алла сондай сынақ беріп жатыр. Соған олар шыдап жатыр. Ал болмайтын жекпе-жек үшін депрессияға түседі деп ойлайсыз ба?», — дедім.

Әрине, қиындықтар болды. Бірақ халықтың, жақындарымның, отбасымның, достарымның арқасында бұл сәт алыста қалды», — дейді боксшы.