22.02.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Ару-Астана» волейболшылары киноға түспек

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
«Ару-Астана» волейболшылары киноға түспек

«Ару-Астана» волейбол клубы «Биік сезім» атты романтикалық комедияға түседі. Бұл туралы Sport Pulse порталына елордалық команданың бас бапкері Мейірбек Нұғұспанов хабарлады.

Оның айтуынша, волейболшылар бүгін түнде Алматыға жол тартпақ. Жексенбі және дүйсенбі күндері олар фильмнің түсірілім жұмыстарына қатысады.

«Команданы ресми түрде киноға түсуге шақырды. Екі күн Алматыда боламыз. Сейсенбі күні Астанаға қайта ораламыз»,– дейді бапкер.

«Биік сезім» атты романтикалық комедияда махабатын кезіктіре алмай жүрген курьерлік компанияның иесі, бойы аласа келген Бақыт есімді жігіт туралы. Бір күні ол бойы ұзын, Сезім есімді сұлу қызбен танысады. Екеуі бір-бірін ұнатқанымен, сезімдерін жеткізу үшін алғашқы қадам жасауға батылдары жетпейді. Екі жас қиындықты жеңіп, шынайы бақытқа жете ала ма? Туынды осы сұраққа жауап бермек.

Фильмде «Ару-Астана» командасынан бөлек, басты рөлдерде танымал қазақстандық актерлер Тәуекел Мүсілім мен Ерлан Примбетов, әнші әрі актриса Аружан Бекболат, Бейнұр Баймұхамбетов және Айшолпан Байтүгел өнер көрсетеді.

Режиссері – бұған дейін «Менің атым Қызболсын» және «Менің үйім қайда?» фильмдерін түсірген Мақсат Оспанов. Бас продюсері – Алмат Шадмат және Our Media Group компаниясы.

Түсірілімі 15 күнге созылатын туынды көрермендерге осы жазда жол тартады.