10.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Ару-Астана» плей-офқа шықты! Команда көшбасшысымен сұхбат

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
«Ару-Астана» плей-офқа шықты! Команда көшбасшысымен сұхбат

Талдықорғанда әйелдер арасындағы волейболдан Ұлттық лиганың төртінші туры аясында «Ару-Астана» командасы Оралдың «Грация KZ» клубын 3:2 (25:18, 24:26, 25:19, 25:27, 15:12) есебімен тізе бүктіріп, плей-офқа жолдама алды.

Sport Pulse сайтына берген эксклюзивті сұхбатында «Ару Астана» көшбасшысы Алина Можега өткен және алдағы ойындарға қатысты пікір білдірді.

– Алина, жеңіс құтты болсын! «Грация KZ» командасына қарсы өткен матчтан кейін ұжымның көңіл-күйі қандай?

– Үлкен рақмет! Біз үшін бұл өте маңызды ойын болды. Жалпы, төртінші тур аясында өткен барлық төрт матчта бар күш-жігерімізді салдық. Қазір команданың көңіл-күйі жақсы. Оң нәтиже көрсете білдік.

– Плей-офқа шығу үшін «Ертіс» және «Грация KZ» командаларын жеңу керек болды. Бұл тапсырманы орындау қиынға соқты ма?

– Келесі кезеңге сенімді өту үшін осы екі командадан басым түсуіміз қажет еді. Бұл матчтар нағыз сынақ болды, бірақ біз елдегі үздік командалармен тең деңгейде ойнай алатынымызды дәлелдедік. Соңғы матч біздің физикалық және моральдық тұрғыдан плей-офқа дайын екенімізді көрсетті.

– Соңғы төртінші турда қандай қиындықтар кездесуде?

– Ең бастысы – барлық төрт матч бойы жинақылық сақтап, үздік ойын өрнегін көрсете білу. Плей-офқа жолдама алу сияқты маңызды мақсат тұрғанда, бұл оңай емес. Біз физикалық және тактикалық тұрғыдан жақсы дайындалдық, бірақ қатарынан бірнеше ойын өткізу – үлкен сынақ.

– Алда турнир кестесінің көшбасшысы – «Жетісу» клубына қарсы матч бар. Команда бұл ойынға дайын ба?

– Алдыңғы ойынның нәтижесіне қарамастан, біз әр матчқа үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Әрине, бұл қиын ойын болады, бірақ біз соңына дейін күресуге дайынбыз!

– Ойын алдында, матч барысында командалық рухты көтеру үшін не көмектеседі?

– Бұл өте маңызды, әсіресе әйелдер волейболында, өйткені эмоциялар басты рөл атқарады. Бізде ойын алдында ерекше командалық дәстүрлер бар, олар ұжымды моральдық тұрғыдан дайындайды. Матч барысында бір-бірімізге барынша қолдау көрсетеміз, ал ойыннан кейін әрі қарай қадам басу үшін еңбек, бірлік пен ұйымшылдық маңызды екенін түсінеміз.