20.03.2025
Оқу уақыты: 5 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Арман Момынов: Жыл соңына дейін 20-30 бокс кешін өткізу жоспарлануда

Арман Момынов: Жыл соңына дейін 20-30 бокс кешін өткізу жоспарлануда

Спорт Пульс тілшісі Қазақстан кәсіпқой бокс комиссиясының президенті Арман Момыновпен сұхбат құрды. Сұхбат барысында еліміздегі кәсіпқой бокстың дамуы, промоутерлік компаниялардың тұрақтылығы, бокс кештерінің ұйымдастырылу қиындықтары және блогерлердің рингке шығуы туралы әңгімелер қозғалды. Сонымен қатар, жаңадан ашылған Azhbenov Boxing лигасының мақсаттары мен болашағы жайында сөз қозғалды.

Бұған дейін Қазақстанда бірнеше отандық промоутерлік компаниялар ашылып, аз уақытта қайта жабылып жатты. Мұның басты себебі неде деп ойлайсыз? Қазақстанда кәсіби бокс кештерін өткізу несімен қиын?

Иә, елімізде бірнеше промоутерлік компаниялар ашылып, қысқа мерзімге дейін жұмыс істеп, қайта жабылып жатты. Бірақ олардың да мақсаты – отандық кәсіби боксты дамыту екені анық. Мұндай компанияларды көбіне бизнес саласында жүрген, қалталы, ақшаның айналымын жақсы білетін азаматтар ашады. Алайда бұл саланы дамыту үшін қомақты қаражаттан бұрын, мақсат пен жүйе қажет. «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, кейбір азаматтар алғашқы бокс кештерінен-ақ көп ақша салып қойып жатады. Алайда телевидение мен демеушілік жағынан промоутерлік компанияларға айтарлықтай қолдау жоқ. Сондықтан ондай азаматтар кәсіпкер болғандықтан, қалай ақша салса, қайтарымын да солай алуды көздейді.

Осыдан кейін іштегі күш-жігері өше бастайды. Кейін бұл жұмыстан шаршайды, өзі боксшы болмағандықтан, ішкі құрылымды түсінбейді. Жалпы, кәсіпқой бокста жанкүйерлер біле бермейтін көптеген мәселелер бар. Осы мәселелер шешілмегендіктен, промоутерлік компаниялар да жабылып жатады. Менің ойымша, орташа деңгейдегі кәсіпқой бокс кештерін өткізіп, жүйелі түрде жұмыс істесе, ол компаниялардан үлкен үміт күтуге болады. Біз комиссия тарапынан промоушндарды барынша қолдап, көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз және солай жасап та жүрміз.

Комиссия менеджер, промоутерлерге лицензия берер кезде, қандай талаптар қояды?

Егер промоутерлік компания Қазақстан аумағында тіркелсе, оның заңды мекенжайы, есепшоты және құжаттары болуы керек. Осыдан кейін біз оларға промоутерлік лицензия беріп, жекпе-жек нәтижелерін Boxrec-ке тіркей аламыз. Одан кейін, әрине, олардың кәсіпқой боксты және боксшыларды дамытуға, қолдауға деген ниеті болуы қажет.

Комиссия халықаралық WBC, WBA, IBF, WBO сынды ұйымдармен қаншалықты тығыз жұмыс жасайды? 

Барлық ұйыммен тығыз жұмыс істейміз. Негізінде, бізге қарағанда, промоутерлер көбірек жұмыс атқарады. Өйткені олар өз боксшыларына титул алып бергісі келсе, сол ұйымның санкциясын жергілікті комиссияға жіберіп отырады. Ол бізге түскеннен кейін медицина саласында, салмақ өлшеу кезінде біздің дәрігерлер мен төрешілер атсалысады. Бұл жұмысты үш-төрт сөйлеммен сипаттау мүмкін емес, ішкі процестері өте көп.

Соңғы уақыттары қазақстандағы бокс кештерінде блогер, кәсіпкер, ММА өкілдерінің өнер көрсетуі кеңінен белең алуда. Сіздің ойыңызша бұл қазақ кәсіби боксының дамуына көбірек әсерін тигізеді ме? Әлде құлдырауына ма?

Промоутерлердің блогерлер мен кәсіпкерлерді жекпе-жекке шығаруының басты себебі – билет сату мәселесі. Өйткені демеушілер промоутерлерге жайдан-жай қаржы бөлмейді. Ал мұндай жекпе-жектерді өткізу және жарнамалау оңайырақ. Сол себепті ұйымдастырушылар осындай қадамдарға баруға мәжбүр. Өздеріңіз білесіздер, боксшылардың дамытуы керек негізгі сала – медиа. Яғни сөйлеу, трэш-ток жасау, өз жекпе-жектерін сата білу.

Мойындау керек, біздің боксшылар мұны тиімді жасай алмайды. Әрине, өз басым блогерлер мен кәсіпкерлердің рингке шыққанын қаламаймын, бірақ бұл шешімді комиссия емес, промоутерлердің өздері қабылдайды. Бастысы – рингке шығатын спортшыларға талап қоямыз. Мысалы, олардың кем дегенде спорттық мансабы болуы керек. Егер дебют жасайтын болса, спаррингтерін көріп немесе видеоларын алдыртып, рингте өздерін қорғай алатынына көз жеткіземіз. Кейін медициналық рұқсаттамаларын алып, төрт раундқа шығуға жарамды деген шешіммен лицензиясын беріп, жұдырықтасуға рұқсат береміз. Әйтпесе, тек “мына блогер аренаны толтыра алады екен” деп, оны боксшы ретінде жекпе-жекке шығара салатын біз жоқ. Әрине, өзім “торғайды сойса да, қасапшы сойсын” дегенді қолдаймын.Бокс болғаннан кейін рингке кәсіпқой боксшы шығуы керек. Бірақ біз промоутерлердің әрекетіне қиянат жасай алмаймыз.

Сізді халық көбіге ринг анонсер ретінде таниды. Комиссия санкциясымен өтетін бокс кештерінде әрі комиссия президенті, әрі ринг анонсер қызметінде болу қаншалықты қиын?

2010 жылдан бері “Astana Arlans” командасының ринг анонсері ретінде таныла бастадым. Мақтанғаным емес, бірақ елдегі дәл осы кәсіби бокс саласында ринг анонсер ретінде жүргізетін жалғыз адам менмін десем, артық болмайды. Бұл тіл мен тәжірибе жағынан ғана емес, боксты қатты жақсы көргендіктен де, барынша жоғары деңгейде жүргізуге тырысамын. Былай айтайын, “Әрбір азамат комиссия президенті бола алады, бірақ әрбір президент ринг анонсер бола алмайды” (күліп). Бұл өнер саласының бір бөлшегі болғандықтан, ырғағын шығарып, сәнін келтіріп хабарлаудың өзі екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Жақында ашылған Azhbenov boxing лигасы жайында айтып берсеңіз. Бұл тек таланттарға жол ашатын лига болып қалады ма?

Бұл жоғарыда айтылған жүйелі түрде жасалып жатқан жоба. Нұртас Ажбенов өзін кәсіпқой боксшы ретінде көрсетіп жүр, енді промоутерлік қырынан байқағысы келеді. Біз оның инициативасын қолдадық. Өздеріңіз көргендей, Нұртас екі аптаның ішінде екі шоу өткізіп үлгерді. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін 20-30 бокс кешін өткізу көзделіп отыр. Мысалы, Мексика мен Америкада қалай жұмыс істеп жатқанын қараңыздар. Олардың негізгі мақсаттары — жас боксшылардың рекордтарын көтеру. Бұны жаңа бағыт деп атауға да болады, өйткені бұған дейін елімізде осындай жүйе болған жоқ. Осы ретте біз боксшыларға акцент қойып отырмыз. Жас таланттарымыз ертең әлемдік деңгейге шығып жатса, бұл үлкен жетістік болады.

Жылдың соңына дейін кемінде дайындығына байланысты 5-0, 10-0 бәлкім 5-3 рекордтары бар дайын боксшылар шетелге шығып жатса, бұл керемет емес пе? Бұл лиганың жоғары деңгейде жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін промоутер Нұртас бауырымыз, матчмейкер Жалғас Тукешов және біз, комиссия тарапынан, барынша атсалысып жатырмыз. Azhbenov Boxing лигасының ашылуына екі-үш ай уақыт кетті. Үтір-нүктесіне дейін, бокстың барлық қыр-сырын зерттеп, бастаған ісіміз. Бұл лиганың арқасында әлі талай жаңа есімдер аталады. Сондықтан жақын арада жақсы жаңалықтар күтіңіздер.

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев