09.10.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Аргентина футболы қара жамылды: Белгілі бапкер өмірден озды

Аргентина футболы қара жамылды: Белгілі бапкер өмірден озды

Аргентина футболының аңызға айналған тұлғаларының бірі, «Бока Хуниорс» клубының бас бапкері Мигель Анхель Руссо 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қайғылы хабарды клубтың баспасөз қызметі растады.

Қыркүйек айында Руссо несеп жолдарының инфекциясымен ауруханаға жатқызылған болатын. Өкінішке қарай, дәрігерлердің көмегіне қарамастан, оның жағдайы біртіндеп нашарлап, көз жұмды.

«Ол соңына дейін футболға адал болды. Ауруханада жатса да, команданың жағдайын бақылап, үнемі байланыста отырды. Мигель нағыз күрескер еді — алаңда да, бапкерлік қызметте де», — делінген «Бока Хуниорстың» ресми мәлімдемесінде.

Мигель Анхель Руссо өзінің ойыншылық мансабын толықтай «Эстудиантес» клубында өткізді. Ал бапкерлік жолын 1989 жылы бастап, «Ланус», «Велес Сарсфилд», «Сан-Лоренсо», «Аль-Наср», «Мильонариос», «Эстудиантес» сынды бірнеше клубта жұмыс істеді.

«Бока Хуниорспен» Руссо үш кезең бойы жұмыс істеді: 2007, 2020–2021 және 2025 жылдары. Оның жетекшілігімен клуб 2007 жылы Оңтүстік Американың ең беделді турнирі — Кубок Либертадоресті жеңіп алды.

Мигель Анхель Руссо Аргентина футболының тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлға ретінде есте қалады.