24.01.2025
Оқу уақыты: 5 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Ангелина Лукас: «Аясат Орийомиді тәжірбиемнің арқасында тізе бүктіремін»

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстандық бокс жұлдызы Ангелина Лукас 31-ші қаңтарда Мәскеуде өтетін IBA Championship Night кешінде өнер көрсетеді. Оның қарсыласы нигериялық, кәсіби бокста осы уақытқа дейін жеңілістің ащы дәмін сезбеген Аясат Орийоми (9-0) болмақ.

Лукас (10-1, 5 КО) өткен жылы аргентиналық Дебора Лопестің көзін көгертіп, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Ал Ресей жерінде өтетін жекпе-жек Ангелинаға WBA белбеуіне жол ашады, оның қазіргі иегері, аргентиналық Клара Лескурат (11-0, 4 KO).

Sport Pulse спорттық порталына берген сұхбатында Ангелина алдағы жекпе-жекке белсенді дайындалып жатқанынын айтып, жанкүйерлеріне үндеу жолдады.

– Ангелина, Аясат Орийомиға қарсы жекпе-жекке дайындық қалай өтуде?

– Барлығы жақсы, дайындық қызу өтуде. Салмақты ретке келтіріп, жақында командамен бірге Мәскеуге жол тартамыз. Тактика мен техника бойынша жаңа комбинацияларды енгізіп, әрі физикалық дайындықты күшейттім.

Ангелина Лукас
Ангелина Лукас

– Алдағы жекпе-жекке дайындық жұмыстарына сізге кім көмектесуде?

– Командада бәрі бұрынғыдай. Менің жаттықтырушым Тариэл Джафаров, онымен бірге Дебора Лопеске қарсы жекпе-жекте IBO чемпионы атағын жеңіп алдық. Ал спарринг-серіктестерімнің бірі ер адам, ол да кәсіби боксшы. Әзербайжаннан ұшып келген. Сондай-ақ, Өзбекстаннан бірнеше қыз келіп, менімен бірге спарринг өткізді. Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Виктор Леонидович Демьяненко да жаттығу жұмыстарына қосылды. Ол дайындықты бақылап, қажет болған жағдайда кеңес беріп, қателіктерді түзейді. Кәсіби боксқа ауысқанда маған алғаш қолдау көрсеткен адамдардың бірі осы Виктор Леонидович еді.

а

– Бұған дейін берген сұхбаттардың бірінде жекпе-жектерге керемет көңіл-күйде шығатыныңызды айттыңыз. Осындай позитивті үнемі сақтап тұруға не көмектеседі?

– Иә, мен рингке әрдайым үлкен құлшыныспен, ықыласпен шығамын. Себебі бұл менің сүйікті ісім. Енді 31-ші қаңтарда Мәскеудің «Лужники» аренасында өнер көрсетемін, бұл мен үшін үлкен қуаныш пен мақтаныш. Мүмкіндік беріліп тұрғанда, алға қойған мақсаттарға жету және тәжірибе жинау қажет.

– Маңызды жекпе-жек алдында алаңдаушылықтан қалай құтылуға болады? Оған қарсы белгілі бір әдіс-тәсілдеріңіз бар ма?

– Ешқандай әдіс-тәсілдер жоқ. Мысалы, WBO нұсқасы бойынша төрт дүркін әлем чемпионы Лопеске қарсы жекпе-жек мен үшін үлкен сынақ болды. Оған дейін кәсіби рингте бар болғаны 11 жекпе-жек өткізіп үлгердім, ал қарсыласым 23. Сондықтан, әрине, алаңдадым. Оның үстіне қарсылас команда тарапынан психологиялық шабуыл жасалды. Жекпе-жек алдында маған боксшылар келіп «Ооо, біз Лопестің бөлмесінде оның соққысын тамашаладық, өте мықты екен!» деп әдейі алаңдаушылық туғызбақ болды. Бұл жағдайда мен сүйікті әндерімді немесе қанатты сөздерді тыңдаймын. Жекпе-жекке 20 минут қалғанда Құдайға дұға еттім. Осылайша алаңдаушылықтан құтылдым.

– Аясат Орийоми әлі жеңіліп көрмеген боксшы. Оның жекпе-жек жүргізу үлгісін зерттедіңіз бе?

– Иә, біз Аясат Орийомидің жекпе-жектерін қарап, зерттедік. Африкалықтардың басты артықшылығы – төзімділік. Кәсіпқой бокстағы бесінші жекпе-жегімде мен IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын қорғадым, бұл – алғашқы титулдарымның бірі. Жекпе-жек барысында африкалықты үш рет нокдаунға түсірдім, бірақ ол қайта-қайта жатқан жерінен тұрып, кездесу 10 раундқа дейін жалғасты. Мен олардың генетикалық жағынан дарынды екенін білемін, олар физикалық күшті және төзімді. Бірақ жекпе-жек жүргізу үлгілері біздің қазақ боксымен салыстыруға келмейді. Тәжірибе жағынан басымдық менде деп ойлаймын. Әрине, әр қарсыласқа дұрыс баға бере білу керек, сондықтан мен әр жекпе-жекке бар күшімді салып дайындаламын. Мақсатым – жеңіске жету.

Аясат Орийоми 3
Аясат Орийоми

– Аясат Орийомидің жекпе-жектерін көрдіңіз. Сізді ерекше алаңдатқан жағдай бар ма?

– Алаңдатарлық ештеңе жоқ. Ол жақсы, лайықты қарсылас. Айта кететін жәйт, боксшы жекпе-жекке дайындық барысында қарсыласының бұрынғы жекпе-жектерінің жазбасын көріп, тактикасына мән береді. Алайда рингке шыққанда, қарсыласы мүлдем басқа тактиканы қолдануы мүмкін, сондықтан үнемі нақты бір болжам жасау қиын. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болуыңыз керек.

– Бұл жекпе-жек WBA титулы үшін күресуге мүмкіндік береді. Белбеудің қазіргі иегері Клара Лескурат. Ол туралы не дейсіз?

– Клара Лескураттың жекпе-жектерін көріп жүрмін. Аргентиналық боксшы бірнеше жыл бойы WBA нұсқасы бойынша чемпион болды. Айта кететін жәйт, Аргентина – әйелдер арасындағы кәсіби бокс бойынша көшбасшы елдердің бірі. Сондықтан Клара жақсы қарсылас және бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. WBA титулына қол жеткізу үшін алдағы жекпе-жектерде бар күш жігерімді салып күресемін және IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалуға тырысамын. Мақсатым – IBO және WBA титулдарын біріктіру.

Клара Лескурат
Клара Лескурат

– Дебора Лопесті тізе бүктіріп, IBO титулын жеңіп алу үлкен жетістік болды. Алдыңғы жекпе-жектерден қандай тәжірбие алдыңыз?

– Аргентина, Мексика сияқты елдердің боксшылары өте «лас» бокстасуы мүмкін екендігіне көзім жетті. Мәселен, Дебора Лопес бірінші раундтан бастап рұқсат етілмеген әдістерді қолдана бастады. Үшінші раундтан кейінгі үзілісте мен жаттықтырушымнан желкемді мұзбен суытуды сұрағаным есімде. Бокста желкеден ұруға болмайды. Егер желкеге жасалған соққы саны үштен асса, ұпай алынады. Бірақ Дебора Лопес ережеге мән бермеді, өте агрессивті әрекет етіп, мені әлсіз етуге тырысты. Оның бұл әрекеті менің ашуыма тиіп, ақыры мен одан мықты екенімді дәлелдей білдім.
Осы жекпе-жектен кейін мен кәсіби бокстың өте қауіпті екенін, қарсыластардан түрлі қитұрқы әркеттерді күтуге болатынын түсіндім. Сондықтан мені енді ештеңе таңғалдырмайды. Дебора Лопеспен болған айқас – бір мезгілде өткен он жекпе-жек сияқты. Мен оны төзімділіктің арқасында жеңдім. Оның алдында берілмедім, керісінше, оны психологиялық тұрғыда сындырып тастадым. Сондықтан ол шаршап, тоғызыншы раундта құлай бастады.

Фото: IBO Boxing
Сурет: IBO Boxing

– Жанкүйерлеріңізге не айтасыз?

– Жанкүйерлерім жекпе-жегіме келіп, мені қолдағанын қалаймын. Бұл мен үшін өте маңызды. Маған қарап олар өмірде барлығы да мүмкін, ешқашан қол қусыруға болмайды, берілмеу керектігін түсінсе деймін. Мен мықты қарсыластарды жеңуге және абсолютті әлем чемпионы болуға тырысамын.