23.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Alma Cup 2025: Алматыда алғаш рет халықаралық флаг-футбол турнирі өтеді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Alma Cup 2025: Алматыда алғаш рет халықаралық флаг-футбол турнирі өтеді

23–24 тамыз күндері Алматыдағы О.Жарылғапов атындағы спорткешен жанындағы «Зенит» алаңында Alma Cup атты флаг-футболдан алғашқы халықаралық турнир өтеді. Бұл – Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы алғаш рет бірнеше күнге созылатын халықаралық дода.

Беске-бес форматында өтетін турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Үндістан, БАӘ және Ресей елдерінен ерлер және әйелдер командалары қатысады. Жарыс round-robin жүйесі бойынша топтық кезеңмен басталып, жартылай финал және финал матчтарымен жалғасады. Барлық ойындар IFAF халықаралық ережелері бойынша, сертификатталған төрешілердің қатысуымен өтеді.

Турнирді елімізде флаг-футболды қарқынды дамытып жүрген Qazaqstan Flag Football (QFF) қозғалысы ұйымдастырады. Шілде айында олар Астанада жеті команда қатысқан «Астана кубогын» сәтті өткізген болатын.

Alma Cup – 2028 жылы Олимпиада бағдарламасына енетін флаг-футбол спортын насихаттауға бағытталған маңызды қадам. Жарыс Қазақстанды халықаралық флаг-футбол қауымдастығына жақындата түспек.

Көрермендерді жеңімпаздарға арналған кубоктар мен медальдар, үздік ойыншыларға арналған жекелеген сыйлықтар, матчтардың YouTube арқылы тікелей көрсетілімі, ашық қолжетімді фото-видео түсірілімдер, сондай-ақ еркін кіру мен дәмді балмұздақ аймағы күтеді.