28.02.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Әли барлық раундта басымдық танытып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетеді – Еділ Қожамбердиев Ахмедов – Сулецки жекпе-жегі туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

28 ақпанда Астанада All Stars Boxing промоушені ұйымдастырған кәсіпқой бокс кеші өтеді. Турнирдің басты оқиғасы – WBC Silver титулы үшін суперорта салмақтағы қазақстандық Әли Ахмедов (23-1, 17 KO) пен тәжірибелі поляк Мацей Сулецки (32-3, 12 KO) арасындағы жекпе-жек болмақ.

IBA, WBC Asia, WBA Asia, UBO Inter-Continental, WBC Middle East, WBC Turan нұсқалары бойынша Әлем чемпионы Еділ Қожамбердиев Sport Pulse порталына алдағы жекпе-жекке қатысты пікір айтты:

«Мацей Сулецки – өте мықты қарсылас, ол Деметриус Андраде және Дэниэл Джейкобс сынды танымал боксшылармен жұдырықтасты. Оның 12 раундқа созылған чемпиондық жекпе-жектері бар. Ол Ахмедовтың мансабындағы ең азулы қарсыластардың бірі. Дегенмен, жекпе-жек 12 раундқа созылып, біздің боксшымыз төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетеді»

Алғашында бокс кешінде Данияр Елеусінов (12-0, 7 KO) өнер көрсетеді деп хабарланған еді, алайда денсаулық мәселелеріне байланысты ол шаршы алаңға шықпайтын болды. Сондай-ақ, бірнеше рет кейінге шегерілген Қуат Хамитов пен Мариф Пираев арасындағы жекпе-жек те өтпейді.

All Stars Boxing турнирінің тікелей көрсетілімін Астана уақыты бойынша сағат 19-00 бастап «Qazsport» телеарнасынан көруге болады.

Еділ Қожамбердиев Сурет: ©instagram.com/edil_kozhamberdiyev_official/

Басты суреттің дереккөзі: ALL STARS BOXING