Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«Келесі кезеңге өту үшін бар күшімізді саламыз» — «Оқжетпес» шабуылшысы «Астанаға» қарсы өтетін матч туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстан Кубогының 1/8 финалы аясында көкшетаулық «Оқжетпес» елордалық «Астана» футбол клубын қабылдайды. Ойын 13 сәуірде «Оқжетпес» стадионында өтеді, басталуы — 15:00-де.

Қос команда арасындағы кездесулерде басымдық «Астана» аяқдопшыларына тиесілі. Дегенмен, көкшетаулықтар өз күштеріне сенімді. Андрей Ферапонтовтың шәкірттері өз алаңында өткізген соңғы 23 матчтың 22-сінде жеңілмей келеді және ҚПЛ-дің жаңа маусымында «Атырауды» тізе бүктіріп, сырт алаңда «Қайсармен» тең түсті.

Алдағы ойынды ерекше ықыласпен күтетін ойыншылардың бірі — «Оқжетпес» шабуылшысы Владислав Прокопенко. Ол «Астанаға» қарсы кездесу өзі үшін маңызды екенін жасырмайды:

«Астанаға» қарсы матчты асыға күтіп жүрмін, себебі бұл — менің алғашқы командам. Мен кәсіби мансабымды дәл осы клубта бастадым және маған жасаған жақсылықтары үшін оларға алғысым шексіз. Матч қызықты өтеді деп ойлаймын, келесі кезеңге өту үшін бар күшімізді саламыз».

Айта кетейік, «Астана» маусымды сенімді бастады — чемпионатта әзірге өткен төрт ойынның үшеуінде жеңіске жетті. Алайда сырт алаңда елордалықтар жиі гол соға бермейді. Қарсыластың бұл әлсіз тұсын, өз алаңында сенімді ойнап жүрген «Оқжетпес» сәтті пайдаланып кетуі мүмкін.

Элитаға қайта оралған, жігерлі команда мен турнирдің фавориті арасындағы матч тартысқа толы болатыны анық. Кездесуді тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!