17.12.2024
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Алексей Щеткин 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу тобында Қазақстанның мүмкіндіктерін бағалады

Sportnews.kz порталының мәліметінше, Қазақстан ұлттық құрамасының және «Астана» ФК-ның бұрынғы шабуылшысы Алексей Щеткин 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі жеребе қорытындыларына қатысты пікір білдірді.

Қазақстан құрамасы өз тобында Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн командаларымен кездеседі. Щеткиннің айтуынша, қазақстандық футболшылар осы қарсыластармен ойнау барысында ұпай жинауға нақты мүмкіндіктерге ие.

Экс-футболшының сөзінше, топтағы қарсыластардың ішінде тек Бельгия құрамасы айқын фаворит болып көрінеді. Қалған командалар Қазақстанмен деңгейлес, ал Бельгияның өзі соңғы жылдары әлсіреп қалған.

«Топта Бельгия айрықша көзге түсетіні анық. Бірақ қалған командалармен тең дәрежеде ойнауға болады және нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Қазақстан құрамасы соңғы жылдары мықты қарсыластарды жеңіп, өз әлеуетін көрсетті. Бельгияны алатын болсақ, бұл бұрынғы Бельгия емес. Олар ұрпақ ауыстыру кезеңінде, сондықтан оларға қарсы да ойнауға болады,» — деп пікір білдірді Щеткин.

Айта кетейік, Еуропа аймағындағы іріктеу турнирі 2025 жылдың наурыз айында басталып, 2026 жылдың наурыз айында аяқталады. Әр топтың жеңімпазы тікелей әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады. Ал қалған төрт жолдама топта екінші орын алған 12 команда мен Ұлттар лигасының төрт жеңімпазы арасындағы қосымша матчтарда ойнатылады.