13.06.2025
Оқу уақыты: 3 мин

«Әр матч – беріктікке сынақ» — сарапшы ҚПЛ-дың 12-турына болжам жасады

«Әр матч – беріктікке сынақ» — сарапшы ҚПЛ-дың 12-турына болжам жасады

14 маусымда Қазақстан премьер-лигасының 12-тур ойындары басталады. Турнирлік кестеде шиеленіс күшейіп келеді: 12 матчтан кейін 27 ұпай еншілеген «Астана» көш бастап тұр, ал артынан өкшелеп «Қайрат» (26 ұпай) пен «Ақтөбе» (25 ұпай) келе жатыр.

Sport Pulse порталына сұхбат берген Қазақстан футбол федерациясының медиа қызметкері Сейіл Қожатай алдағы турға болжам жасады.

Қызылжар — Ақтөбе

— «Ақтөбе» жеңілістер сериясынан кейін қайта серпіле ала ма?

— Қос команда да екі матч бойы жеңе алмай келе жатыр. «Ақтөбе» «Қайратқа», «Жетісуға» жеңілді. Содан кейін орын алған үзілісті пайдаланып, ақтөбеліктер есін жиды деп ойлаймын. Меніңше, бұл ойында олар минималды есеппен жеңіске жетеді. Дегенмен, «Қызылжар» өз алаңында оңайшылықпен беріле қоятын команда емес.

Атырау — Ұлытау

— Жаңа бапкер «Атырауға» серпін бере ала ма?

— «Ұлытау» бабына келуде. «Ордабасыны» сырт алаңда жеңді, ал өз алаңында «Тұраннан» айласын асырды. Алайда, «Атырау» клубында соңғы кездері өзгерістер орын алды — жаңа бапкер Денис Мамонов келді. Сондай-ақ, атыраулықтар бұл жолы өз алаңында өнер көрсетеді. Білесіздер, кез келген командаға Атырауда ойнау қиын болады. «Атырау» әзірге бір-ақ рет жеңіске жетті — бұл «Елімаймен» болған кездесуде. Одан кейін жеңіліс пен тең нәтижелер тіркелуде. Сондықтан «Атырауға» бұл мәселені тезірек шешу керек. Жеңіс ауадай қажет. Меніңше, өз алаңында «Атырау» жеңілмейтін секілді. Жаңа бапкер келген кезде әрдайым жаңа күш пайда болады, команда басқаша ойнай бастайды. Сондықтан осы ойында атыраулықтар тең есепке қол жеткізуі мүмкін.

«Атырау» ФК бас бапкері Денис Мамонов

Жетісу — Қайрат

— «Қайрат» соңғы жеңісін тұрақты нәтижеге айналдыра ала ма?

— «Қайрат» соңғы матчта жеңіске жетіп, сәтсіз сериясын аяқтады. Ұлттық құрамада жақсы өнер көрсетіп жүрген Сәтпаев қазір бабында. Оның үстіне, алматылықтар жуырда жаңа шабуылшымен толықты. «Жетісу» командасына қарсы өткен соңғы үш ойында «Қайрат» жеңіске жетті. Сондықтан бұл матчтың фавориті — «Қайрат». Және оны осы матчта дәлелдей алатын сияқты.

Тұран — Жеңіс

— «Жеңіс» қарсыласының дағдарысын пайдалана ала ма?

— Бұл матч қызыққа толы болғалы тұр. «Тұран» соңғы төрт ойында жеңілді. Командада кішігірім дағдарыс басталған. Ал «Жеңіс» керісінше, соңғы кездері жақсы ойын көрсетіп жүр. «Астананы» жеңіп кететін мүмкіндігі болды, «Ордабасымен» тең түсті. Жалпы, астаналықтар бірте-бірте бабына келіп жатыр. Оған қоса, жаңа бапкер келді. Сондықтан, «Жеңіс» осы жолы Түркістаннан ұпай алып кететін секілді.

«Жеңіс» ФК

Астана — Оқжетпес

— Сенсациялық «Оқжетпес» «Астананың» осал тұсын таба ала ма?

— «Оқжетпес» — маусымның сенсациясы. Сырт алаңда да, өз алаңында да ұпай еншілеп келеді. Дәурен Жұмат пен Дамир Марат сияқты көшбасшылары бар. Дегенмен, «Астана» өз алаңында әрқашан фаворит. Сондықтан меніңше, астаналықтар көкшетаулықтардан минималды есеппен басым түсетін сияқты. Оған қоса, соңғы матчтарда «Астана» өз алаңында «Жеңісті», сырт алаңда «Ұлытауды» және «Елімайды» жеңді. Қазір астаналықтарға еурокубоктарға дайындалу керек.

«Астана» ФК

Қайсар — Тобыл

— «Тобыл» жеңісті жолын Қызылордада жалғастыра ала ма?

— «Тобыл» соңғы бес матчта жеңіске жетті. Оған қоса, Асхат Тағыберген туған жері Қызылордада ойнайды. Сондықтан бұл оған екі есе мотивация болмақ. Жалпы, қостанайлықтар өз алаңында да, сырт алаңда да жақсы өнер көрсетуде. Ал «Қайсардың» ойыншылары өз алаңында топ-командаларға қарсы қалай ойнау керектігін жақсы біледі. Дегенмен, «Тобылдың» ойыншылары жекелей тұрғыда әлдеқайда мықты. Бұл ойын тартысты өтеді. «Қайсар» оңайлықпен беріле қоймайды. Соған қарамастан, «Тобыл» бұл матчта қиналып болса да жеңіске жететін сияқты.

Ордабасы — Елімай

— Кадрлық мәселелер «Ордабасыға» кедергі бола ма?

— Бұл матч тартысқа толы болмақ. Қос командаға да жеңіс ауадай қажет. Соңғы ойындарда бірде жеңіп, бірде тең түсіп, бірде жеңіліп жүр. «Ордабасы» командасында кадрлық мәселелер бар. Өткен матчта Ұлар Жақсыбаев қызыл қағаз алып, бұл турда алаңға шықпайды. Сондықтан шымкенттіктерге бұл матчта аздап қиын болмақ. Меніңше, бұл матч тең нәтижемен аяқталады.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!