20.08.2025
Оқу уақыты: 2 мин

“Әлем чемпионатында жеңіске жету қиын болғалы тұр”: Ризабек Айтмұхан олимпиадалық салмақтағы бәсекелестік туралы

“Әлем чемпионатында жеңіске жету қиын болғалы тұр”: Ризабек Айтмұхан олимпиадалық салмақтағы бәсекелестік туралы

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Ризабек Айтмұхан биылғы маусымның басты додасына дайындығын бастап кетті. Ендігі қыркүйек айында өтетін Әлем чемпионатында басты фавориттердің қатарынан көрініп отыр. Осы орайда отандасымыз Olympic.kz сайтына сұхбат берді, деп жазады Prosports.kz.

Биылғы маусым Ризабек үшін оңай болған жоқ. Бұған дейінгі ең басты додаларының бірі — Амманда өткен Азия чемпионатында отандасымыз ақтық сынға дейін жетіп, жапониялық Араш Ёшидаға жол берді.

Дегенмен, бұл нәтиженің өз себебі бар. Ризабек құрлықтық біріншілікке дейін Алматыда өткен PWL-8 турниріне қатысып, жарақат алып қалған болатын. Соған қарамастан, күміс жүлдеге қол жеткізе білді.

 

Содан кейін қалыпқа келу шаралары өтті. Әрі қарай Түркиядағы Яшар Догу-2025 халықаралық турнирінде Ризабек алтыннан алқа тақты. 97 келіге дейінгі салмақта отандасымыз ақтық сында Ахмед Магамаевты (Болгария) айқын басымдықпен жеңді.

Ал ең соңғы жарысы 9 тамызда Wrestling Stars League болды. Аталған дода Ақтөбе қаласында өтті. Айта кетерлігі, турнирде Олимпиада және әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері бақ сынады. Ризабек Айтмұхан 97 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды.

«Жалпы турнир жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Қарсыластарымда мықты болды. Үшеуіде Ресей мемлекетінің атынан өнер көрсетті. Дегенмен жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілдім», — деп баға берді спортшы.

 

Ризабек Айтмұхан бұған дейін бірнеше мәрте әлем чемпионатының жеңімпазы атанған. Атап айтқанда, U20 және U23 санатындағы әлем біріншілігінде топ жарқан.

Одан бөлек, 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен дүбірлі додада 92 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған болатын. Осы нәтижені ескерсек, Ризабек Айтмұхан биылғы әлем чемпионатының басты фавориттердің қатарында деуге толық негіз бар.

Дегенмен, биылғы әлем біріншілігінде отандасымыз олимпиадалық 97 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайтын болады.

 

Осы орайда қазақстандық еркін күрес шебері өзінің қазіргі уақыттағы бабы мен әлем чемпионатындағы бәсекелестік жайлы айтты.

«Қазір бәрі ойдағыдай. Емдік шараларды өткізіп, жарақаттарымнан толықтай айығып шықтым. Өзімді тамаша сезінемін, қазір дайындық жұмыстарын жоспарға сай жүргізіп жатырмын. Бапкерлік құраммен бірге әрбір ұсақ-түйекке мән беріп, қарқынды жаттығу үстіндемін.

Әлем чемпионатында бәсекелестік өте жоғары деңгейде болмақ. Мысалы, менің салмағымда оннан аса мықты балуандар бар. Соның ішінде алтауы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Сондықтан жеңіске жету өте қиын болғалы тұр», — деп бөлісті балуан.

Айта кетейік, биылғы маусымның басты додасы 13-21 қыркүйек аралығында Хорватия астанасы Загреб қаласында өтеді.