16.10.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Абылайхан Шаратов: Октагонға шығуым – жанкүйерлерімнің қолдауының арқасы

найза

Әркез жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленіп жүретін Абылайхан Шаратов ММА-ге жақында келгенімен, бұрыннан бозкілемде күреседі. Дзюдогиін шингартқа ауыстырып, аралас жекпе-жекке келді. NAIZA лигасында екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде жеңіске жеткен ол биыл октагонға алғаш рет шықпақ. NAIZA 68 турнирінде үнді файтері Сагар Кашьяппен жұдырықтасады.

Абылайхан, NAIZA 68 турнирінде жекпе-жекке шығасыз. Дайындық қалай өтіп жатыр?

Жекпе-жекке дайындық жоспарлы түрде өтіп жатыр. Бұл жолы жаттығу лагерін Ақтөбеде өткізуді шештім. «Еркін күш» командасында тәжірибелі Айбек Шоқпытов ағайымыздың бастауымен алдағы жекпе-жекке тас-түйін дайындалып жатырмын.

Бұл жолғы қарсыласыңыз үнді спортшысы Сагар Кашьяп. Өте тәжірибелі. 5 жекпе-жек өткізіп, үшеуінде жеңіске жеткен. Қарсыласыңызды зерттеп үлгердіңіз бе?

Қарсыласымды толық зерттеп, қарап көрдік. Мықты, әлсіз тұстарын зерттедік. Ағай бар, команда бар, балалар бар – бәрі жұмылып көмектесіп жатыр.

Әзірге рекордыңыз 2-0. Екі жекпе-жегіңізді де уақытынан бұрын аяқтадыңыз. Үшінші айқаста да уақытынан бұрын жеңуге тырысасыз ба? Әлде барлық үш раундты өткізуді жоспарлап отырсыз ба?

Әрине, әрбір жекпе-жегімді уақытынан бұрын аяқтауға тырысамын. Дайындық үш раундқа жасалып жатыр. Не дегенмен жекпе-жекке барлық жағынан дайын болу қажет. Десе де халыққа шоу көрсетіп, жекпе-жектің қызық өткізуге тырысамын. Барынша уақытынан бұрын аяқтап, қарсыласымды жеңсем деймін.

Кәсіби ММА-дегі алғашқы жекпе-жегіңізді 2022 жылы өткізгеніңізге қарамастан, содан бері тек бір ғана жекпе-жекке шықтыңыз. Мұның себебі неде? Октагонға жиі шығуға не кедергі?

Дебютім 2022 жылы өтті. Аяқ асты кәсіби ММА-ге шықтым. Дайындалуға ұзақ уақыт болған жоқ. Екінші айқасыма да аса бір дайындық лагерін өткізбедім. Аз уақытта бабыма келіп, жекпе-жектерді өткіздім. Бірақ алдағы жекпе-жегіме, одан кейінгі жекпе-жектеріме толыққанды дайындалуды мақсат етіп отырмын. Жекпе-жектердің арасын да суытпай, көбірек айқас өткізу жоспарда бар. Ағаймен ақылдасып, жоспар түздік. Енді сол жоспар бойынша тыңғылықты дайындалып, жұмыс істейміз. Өйткені октагонға жиі шықпауға еш кедергі жоқ. Тек өзім бабыма келе алмағаным болмаса.

ММА-ге дзюдодан келгеніңізді спорт жанкүйері жақсы біледі. Дзюдомен әлі күнге шұғылданасыз ба? Әлде кәсіби ММА-ге түбегейлі ауыстыңыз ба?

Иә, ММА-ге түбегейлі ауысып жатырмын. Жоспарымыз бар. Ал дзюдоны сағынғанда аракідік татамиге шығып тұрамын. Кейде жаттығуларға барып тұрамын.

NAIZA турниріндегі әрбір жекпе-жегіңізде жанкүйерлердің ыстық қолдауына ие боласыз. Әсіресе, жеке қолдаушыларыңыз көптігі байқалады. Жекпе-жек сәтінде жанкүйерлердің қолдауы қаншалықты маңызды?

Октагонға шығуым – жанкүйерлерімнің қолдауының арқасы. Әлеуметтік желіде жекеме жазып, октагоннан жиі көргісі келетіндерін жазып, қашан жекпе-жек өткізетінімді сұрап жүреді. Мұның бәрі маған мотивация. Жанкүйерлерімің үмітін ақтау үшін тер төгіп, әрбір жекпе-жегімде қуантуға тырысамын.