31.01.2026
Оқу уақыты: 1 мин

Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатында жеңіске жетті

Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатында жеңіске жетті
Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды.

Елена финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы (Беларусь) 6:4, 4:6, 6:4 есебімен сенімді ұтты.  Титулға барар жолда Қазақстанның көшбасшы теннисшісі ширек финалда жарыстың 2-ракеткасы Ига Швентекті, жартылай финалда алтыншы нөмір болып тіркелген Джессика Пегуланы жеңді.

Еске сала кетейік, 2023 жылы Елена мен Арина финалда ойнады, онда да матч үш сетте аяқталып, бірақ Соболенконың пайдасына шешілді.

Бұл — Елена Рыбакина үшін ТОП-10-ға кіретін ойыншымен болған қатарынан оныншы жеңіс. Сондай-ақ соңғы 21 матчтағы 20 жеңіс, жекелей сында 2022 жылғы Уимблдоннан кейінгі «Үлкен дулыға» турниріндегі екінші және спорттық жолындағы 12-інші титул.

Барлық қазақстандықтарды тарихи жеңіспен Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов құттықтады.

«Бұл Australian Open Қазақстан үшін тарихи жарыс болды. Үш жасөспірімді қосқанда, біздің ойыншылардың рекордтық қатысуы — ұлттық теннис үшін елеулі жетістік. Елена Рыбакинаның жеңісі оның әлемдік рейтингтің үздік үштіктегі орнын нығайтып, спорттық жолындағы «Үлкен дулыға» турниріндегі екінші титулы болды. Жұптық сында финалға шыққан Анна Данилина және жасөспірімдер арасында Мельбурнда қазақстандықтар арасынан бірінші болып жартылай финалға дейін жеткен Заңғар Нұрланұлы біздің мектептің деңгейі жоғары екендігін көрсетті. Мұндай табыстар жас ұрпақты жігерлендіріп, елде теннистің дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Біздің барлық теннисшілерге халықаралық аренада жаңа жеңістер, тұрақты алға басу және айшықты жетістіктер тілеймін».