21.11.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Ақжайық» допты хоккей клубы Ресей чемпионатына қатыспайтын болды

«Ақжайық» допты хоккей клубы Ресей чемпионатына қатыспайтын болды

Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарысқа қатысып жүрген Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымда чемпионаттан тыс қалды.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, допты хоккей олимпиадалық спорт түрлері тізіміне енгізілмеген. Сол себепті басым бағыттағы спорт түрі болып есептелмейді.

— Дегенмен 2025 жылы облыстық бюджеттен 61 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ қосымша іссапар шығындарына 27 млн теңге берілді. Соңғы маусымда команда Ресейдің Кемерово қаласында өткізілген финалдық турнирге қатысып, онда 9-орынға ие болды. Бүкілресейлік жарыстағы соңғы нәтижелерін ескере отырып, қаржы жаңа маусымда тек Қазақстан аумағында өткізілетін чемпионаттарға қатысуға қарастырылады. Сонымен қатар допты хоккейден спортшылар мен бапкерлерді шетелге іссапарға жіберу үшін жеке инвесторларды тарту мақсатында «ҚПО б.в.», «Жайықмұнай» сияқты ірі компанияларға өтінішхат жіберілді, — делінген ресми жауапта.

«Ақжайық» допты хоккей клубының бас бапкері Николай Шавалдин командаға қаржы бөлінбегенін растады.