10.11.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Пеп Гвардиола мансабындағы 1000-матчты жарқын жеңіспен атап өтті

Пеп Гвардиола мансабындағы 1000-матчты жарқын жеңіспен атап өтті

Ағылшын Премьер-лигасының 11-туры аясындағы басты кездесулердің бірі 9 қараша күні Манчестердегі «Этихад» стадионында өтті. Онда «Манчестер Сити» мен «Ливерпуль» командалары кездесті. Матч 3:0 есебімен алаң иелерінің айқын жеңісімен аяқталды.

Бұл ойын «Манчестер Сити» бас бапкері Пеп Гвардиоланың бапкерлік мансабындағы 1000-матчы болды. Каталон маман мерейтойлы кездесуін ерекше жеңіспен атап өтті.

Ойынның алғашқы бөлігінде «қалалықтар» 13-минутта есеп ашуға мүмкіндік алған еді. Алайда Эрлинг Холанд орындаған пенальти сәтсіз аяқталды. Соған қарамастан, 29-минутта норвегиялық шабуылшы өз қатесін түзетіп, алғашқы голдың авторы атанды. Тайм соңында Нико Гонсалес есепті еселей түсті. Ал 63-минутта Жереми Доку командасының үшінші голын соғып, кездесудің тағдырын шешті.

Осылайша Гвардиола шәкірттері өз алаңында «Ливерпульді» толық басымдықпен ұтып, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Қазіргі таңда «Манчестер Сити» көшбасшы «Арсеналдан» төрт ұпайға ғана қалып келеді.