25.10.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Геннадий Головкин World Boxing президенті қызметіне кандидат атанды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Геннадий Головкин World Boxing президенті қызметіне кандидат атанды

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы – World Boxing президенті қызметіне ресми кандидаттар тізіміне енгізілді.

Ұйымның жаңа басшысын сайлау 23 қараша күні Италияның Рим қаласында өтетін World Boxing Конгресі аясында өтпек. Сондай-ақ осы жиында федерацияның Атқарушы комитетінің жаңа мүшелері де сайланады. Қазір ұйым құрамына енген 125 елдің өкілдері дауыс беруге қатысады.

World Boxing – 2023 жылдың сәуірінде құрылған халықаралық федерация. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған еді. Оның басты міндеті – бокстың Олимпиада ойындары бағдарламасында сақталуын және World Boxing ұйымының Халықаралық Олимпиадалық комитет (ХОК) тарапынан мойындалуын қамтамасыз ету.

2025 жылдың ақпанында ХОК World Boxing ұйымын уақытша мойындап, оған әлемдік деңгейде боксты басқару құқығын берді. Кейін наурыз айында ХОК боксты 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына ресми түрде енгізу туралы шешім қабылдады.

Геннадий Головкин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және 2003 жылғы әлем чемпионы. Кәсіби мансабында ол IBF, IBO және WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған. GGG қатарынан 23 жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жетіп, орта салмақтағы ең жоғары нокаут пайызы үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.