13.10.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Алматыда қазіргі заманғы «Алатау»» теннис орталығы ашылды

Алматыда қазіргі заманғы «Алатау»» теннис орталығы ашылды

Жаңадан ашылған «Алатау» кешені — Алматыдағы ірі теннис орталығы. Оның ашылуы спортты дамытып, салауатты өмір салтын орнықтырудағы маңызды қадам болды. Нысан қаланың спорттық инфрақұрылымының деңгейін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар кәсіби теннисшілерді даярлау, халықаралық турнирлерді өткізіп, жастарды спортқа тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Орталық кәсіби теннисшілер мен барлық жастағы әуесқойлар жаттығуын, сондай-ақ түрлі деңгей мен санаттағы турнирлерді өткізуге бағытталған. Оқыту үдерісіне білікті бапкерлер тартылған, бұл теннисшілерді даярлау мен бұқаралық спортты дамыту үшін барлық жағдайды жасайды.

Орталықтың ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, сондай-ақ кәсіби теннисшілер, Almaty Arena стадионында 11-19 қазан аралығында өтіп жатқан Almaty Open АТР 250 турниріне қатысушылар — Даниил Медведев, Карен Хачанов, Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев және Флавио Коболли қатысты. Теннисшілер балалармен шеберлік сағатын өткізіп, жаңа теннис орталығы аумағында ағаш отырғызды.

«Жаңа теннис орталығы біздің қаламыздың дамып жатқан ауданы үшін маңызды спорт нысаны болды. Ол жас спортшыларды даярлайтын, сондай-ақ ұлттық және халықаралық жарыстарды өткізетін алаңға айналады.  Бұл Алматының әлемдік спорттық қауымдастық алдындағы беделін көтеріп қана қоймай, қаламыздың одан әрі дамуына септеседі», — деді оңтүстік астана әкімі Дархан Сатыбалды.

Нысан Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен ашылды. Жаңа теннис орталығы оңтүстік астананың халық көп қоныстанған Алатау ауданында орналасқан. Заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген орталық халықаралық талаптарға сай келеді.

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов «Алатау» теннис орталығының маңыздылығын атап өтті:
«Инфрақұрылымға құйылған инвестиция теннисті көптеген қазақстандықтар үшін қолжетімді спорт түрі етуге жәрдемдеседі.  «Алатау» теннис орталығы  – әлемдік деңгейдегі талаптардың арқасында спорттың бұқаралық сипат алуының айқын көрінісі. Күні бүгін Қазақстанда 30 мыңнан астам бала тенниспен тұрақты жаттығады. Осы спорт түрімен айналысушылар қатарын көбейтіп, қазақстандықтар арасында салауатты өмір салтын орнықтыру – федерацияның стратегиялық мақсаттарының бірі».

Соңғы 18 жылда Қазақстан теннис федерациясының спортты дамытуға салған жеке инвестицияларының жалпы көлемі 200 млн доллардан асты. 2007 жылдан бері Қазақстанда 39 ірі теннис орталығы мен 291 корт салынды. «Алатау» – федерация қолдауымен бой көтерген 39-теннис орталығы.

Жаңа «Алатау» теннис орталығының жалпы алаңы 5 мың шаршы метрден асады, онда 14 корт болса, соның төртеуі хард төселген жабық, төртеуі ашық корт, сондай-ақ топырақ төсенішіндегі 6 ашық корт бар. Теннис орталығында тренажер залы, медициналық кабинет, конференц-зал және әкімшілік бөлік бар. Көшедегі корттарда 150, жабық залдарда 100 орындық мінбелер орнатылған. Спорттық нысан күніне 500 адамға дейін қабылдай алады. Инклюзивтік теннисті дамытуға, көп балалы және аз қамтылған отбасылар балалары үшін жеңілдікпен жаттығуларға айрықша көңіл бөлінеді.

Beeline Janymda. Спортта және желіде тұрақты мобильді қолдау