13.10.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Барыс» бас бапкері бесінші жеңілістің себебін түсіндірді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Барыс» бас бапкері бесінші жеңілістің себебін түсіндірді

Астаналық «Барыс» клубының бас бапкері Михаил Кравец ҚХЛ-дың тұрақты чемпионаты аясында өткен «Торпедоға» қарсы (3:5) ойынды қорытындылап, өз пікірін білдірді.

Мамандардың айтуынша, команда мінез көрсетті, бірақ бұрыннан жіберіп жүрген қателіктерін қайталап, бесінші рет қатарынан жеңіліс тапты.

«Біз тек жеңіс үшін шықтық, әсіресе өз мұз айдынымызда, жанкүйерлер алдында. Ойынды жақсы бастадық, бірақ екінші кезеңде қарсылас аймағында шайбаны жоғалтып, қауіпті қарсы шабуылға мүмкіндік беріп қойдық. Қорғаныс шебінде көбірек жұмыс істеу керек — бүгін қателік тым көп болды. Жігіттер соңына дейін күресті, бірақ ынтамен қатар шеберлік пен сенімділік те қажет», — деді Кравец.

Бапкер команданың бір мықты тұсы саналатын аз құрамда ойынды да сынға алды:

«Бүгін екі рет 5×4 форматында гол жібердік. Бірі дұрыс ойнамады, бірі көмектеспеді, не қарсылас мықтырақ болды — бәрі мүмкін. Эпизодтарды талдаймыз».

Кравец сондай-ақ матчта алғашқы шайбаны соққан, бірақ екі рет айып алған Кирилл Панюковтың ойынына баға берді:

«Ол тырысты, агрессивті ойнады. Иә, екі рет айып алды, бірақ дөрекі емес. Мұндай болады, бастысы — қорытынды шығару».

Мүмкін болатын трансферлер туралы сұраққа бапкер қысқа қайырды:

«Команданың күшеюін қалар едім».

Ал төрешілердің жұмысына қатысты пікір білдіруден бас тартты:

«Судейство туралы айтпаймыз. Лига рұқсат етпейді. Біз ойнауымыз керек, сылтау іздемеуіміз керек».

Сондай-ақ бапкер Адиль Бекетаевтың бұл матчқа қатыспаған себебін де түсіндірді:

«Құрамды ауыстырдық. Гайтамиров пен Уотерспунға мүмкіндік бердік. Қорғаушылар жеткілікті — бәрі өз кезегін алады».

«Торпедодан» жеңіліс «Барыс» үшін жаңа маусымдағы бесінші қатарынан сәтсіздік болды. Келесі матч 14 қазан күні Новосібірдің «Сібіріне» қарсы өтеді.