10.10.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Жәнібек Әлімханұлы Кроуфордпен келесі жылы кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді

Жәнібек Әлімханұлы Кроуфордпен келесі жылы кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы америкалық жұлдыз Теренс Кроуфордпен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

32 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері Instagram парақшасында Кроуфордпен кездесу шынайы жоспарға айналып келе жатқанын мәлімдеді.

— Бокс жанкүйерлерін жаңа, әсерлі айқас күтіп тұрған сияқты – Жәнібек пен Кроуфорд! Бұл туралы бәрі айтып жатыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, жекпе-жек келесі жылы өтуі мүмкін. Менің ойымша, мықтылар әрдайым мықтылармен қолғап түйістіруі керек, – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.

Еске сала кетсек, 38 жастағы Теренс Кроуфорд үш түрлі салмақ дәрежесінде абсолютті чемпион атанған тұңғыш боксшы. Ол соңғы кездесуінде 35 жастағы мексикалық Сауль Канело Альваресті жеңіп, екінші орта салмақта абсолютті чемпион атағын иеленді. Кроуфорд командасы бұған дейін басқа салмақтарда да жаңа жекпе-жектер өткізуге дайын екенін мәлімдеген, алайда айқас абсолютті чемпиондық белбеулер үшін өтуі керек.

Қазіргі таңда Жәнібектің қоржынында төрт чемпиондық белбеудің екеуі WBO және IBF титулдары бар. Ол бірнеше мәрте қалған екі белбеуді, яғни WBC және WBA тұжырымдарын біріктіріп, абсолютті чемпион атануға деген ниетін білдірген.

WBC чемпионы, 31 жастағы доминикандық Карлос Адамеспен келіссөздер нәтиже бермеген соң, Әлімханұлының командасы WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, 42 жастағы кубалық Эрисланди Ларамен айқас өткізудің сәті түскенін хабарлады.