03.10.2025
Оқу уақыты: 1 мин

УЕФА тарихында алғаш рет «Playmakers Conference» өтті

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
УЕФА тарихында алғаш рет «Playmakers Conference» өтті

Қыркүйек айының соңында Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА штаб-пәтерінде тарихта алғаш рет «UEFA Playmakers Conference» конференциясы ұйымдастырылды. Басқосу Еуропаның 52 елінен жиналған өкілдерді біріктірді.

Қазақстан атынан бұл жиынға «Playmakers» жобасының менеджері Кирилл Ткачёв пен бас жаттықтырушы-нұсқаушы Юлия Ширяева қатысты.

Конференцияның негізгі тақырыптары:

  • «Playmakers» бағдарламасының барлық өкілдері алғаш рет офлайн форматта бас қосты;

  • Қыздарды футболға тартудағы тәжірибелер мен үздік тәсілдер талқыланды;

  • Жобаны дамыту мен ілгерілету стратегиясы ұсынылды;

  • Қатысушылар санын көбейту және қыздардың жобадан футбол клубтарына өту жүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды.

Жобаның серіктесі Disney компаниясы Қазақстанның қосқан үлесін жоғары бағалап, сапалы ынтымақтастықты атап өтті. Әсіресе «Головоломка 2» мультфильмі премьерасы кезінде жобаны жарқын түрде таныстырғаны үшін ерекше алғыс білдірілді.

UEFA Playmakers бағдарламасы футбол ойнамаған 5–8 жас аралығындағы қыздарға арналған. Мақсаты – ойын арқылы футболды таныстыру, спортқа қызығушылықты арттыру және заманауи әдістемелерді енгізу. Жаттығулар ертегі сюжеттеріне негізделіп, Disney-дің танымал анимациялық фильмдерінің элементтері қолданылады.

Қазақстанда бағдарлама табысты жүзеге асып келеді: Астанадағы 25 балабақшада, Ақтөбедегі 20 мектепте және Өскемендегі «Алтай» ФК-мен бірлескен 3 орталықта сабақтар өтуде. Бұл балаларға футболды тек спорт ретінде ғана емес, шығармашылық тұрғыдан да тануға жол ашады.