02.10.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Әлихан Өмірбеков: Артық құрамда гол соғу жетіспейді

Әлихан Өмірбеков: Артық құрамда гол соғу жетіспейді

«Барыс» өз айдынындағы матчтар сериясын «Локомотивке» қарсы ойынмен түйіндеді. Гагарин Кубогының иегерімен ойында астаналықтар тек бір шайба соға алды. Матчтан кейін «Барыс» шабуылшысы Әлихан Өмірбеков SportPulse сайтына сұхбат берді.

— Ойынды жақсы бастадық деп ойлаймын. Бірақ, қарсылас бірінші кезеңде гол соқты. Содан кейін ойын тізгінін өз қолымызға алуға тырыстық. Бүгін артық құрамда бірнеше рет ойнадық, бізге осы сан басымдығында гол соғу жетіспейді. Егер мүмкіндіктерімізді жүзеге асырғанда, есепті теңестіре алатын едік.

— «Адмиралмен» ойында 6 минут, бүгін 4 минут артық құрамда ойнадыңыздар. Маусым басындағы ойындармен салыстырғанда, қазір сан басымдығын жүзеге асыру көрсеткіші төмен, не себеп?

— Қарсыластар да біздің ойынымызды қарап, дайындалады, видео көреді. Бізге өз дайындығымызды арттыра түсіп, көбірек видео қарау керек. Иә, алдыңғы ойында да, бүгін де артық құрамда шайба соға алмадық. Бірақ, келесі ойындарда бұл компонентте жақсырақ нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын.

— Соңғы екі ойында команда тәртіпті ойнады. Бапкерлер тапсырмасы ма?

— Иә, бапкерлер матчқа тапсырма берген кезде ойын таяғымызды бақылауда ұстауымызды сұрайды. Қарсыластың сан басымдығынба ойнауына мүмкіндік берсек, біздің энергиямыздың бәрі кем құрамдағы ойынға кетеді. Сондықтан да ереже бұзбаә ойнауға тырысамыз.

Автор: Әсем Мерекеқызы