24.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Махмұд Сабырхан: Ендігі мақсатымыз – Олимпиада чемпионы атану

Махмұд Сабырхан: Ендігі мақсатымыз – Олимпиада чемпионы атану

Англияда өткен бокстан әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Махмұд Сабырхан алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Біз бұл чемпиондықпен тоқтап қалмаймыз. Алда – Азия ойындары және Астанада өтетін әлем чемпионаты. Онда Олимпиада жолдамалары сарапқа салынады. Ендігі мақсатымыз – Олимпиада чемпионы атану», – деді Сабырхан.

Сонымен қатар ол өзіне ыңғайлы салмақ санатына қайта оралғанын ерекше атап өтті:

«57 келіде маған қиын болды, қарсыластар ірі болды. Ал 55 келі – менің салмағым. Осы санатта бес жекпе-жекті қатарынан 5:0 есебімен ұттым. Олимпиада чемпионы болуды осы салмақта мақсат етемін!»

Ливерпульде өткен әлемдік біріншілікте ол барлық бес жекпе-жегін 5:0 есебімен аяқтап, екінші мәрте әлем чемпионы атанды. Бұған дейін ол 2023 жылы өткен әлемдік додада алтын жүлде иеленген болатын.