24.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Шыңғыс Есенаманов: «Мен үшін соңғы іріктеу кезеңі болды»

Шыңғыс Есенаманов: «Мен үшін соңғы іріктеу кезеңі болды»

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Шыңғыс Есенаманов Еуро-2026 жолдамасы үшін өткен Италияға қарсы қарымта матч туралы пікірін айтты.

— Өте ауыр ойын болды. Шынын айтсам, жеңіліс ауыр тиді… Әсіресе өз алаңымызда, жанкүйерлеріміздің көзінше мұндайды бастан кешіру қиын екен. Бұлай көптен бері ұтылмаған шығармыз. Жақсы сериямен келе жатыр едік. Бірақ спортта жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді. Бұл жолы сәттілік бізден теріс айналды.

Ұлттық құрамада 20 жасымнан бері 16 жыл ойнап келемін. Қиын, әрине. Өзім көп эмоция көрсететін адам емеспін, бірақ жігіттерге бірге ойнағаныма бақытты екенімді айттым. Бұл спорт, бұл өмір. Көп жарақат алдым, қайта оралдым, алаңға шықтым, әрдайым өзімді дәлелдеуге тырыстым. Жаңа буын өсіп келеді, енді оларға жанкүйер боламын. Әрине, мұндай жеңілістен кейін қоштасқым келмеген. Бірақ спорт деген осы – тоқтап қалмай, ары қарай жүру керек.

Есте қалар ең үлкен сәттер – жеңіс. Ойыншы мансабық ұзақ, көп нәрсе ұмытылуы мүмкін. Бірақ жарқын матчтар мен жеңістер мәңгі есте қалады. Әлем чемпионы болған Португалияны жеңгеніміз, Еуропа чемпионатында Италияны ұтқанымыз, Иранмен өткен тамаша ойын – бәрі ерекше. Ұлттық құрамада 120-ға жуық ойын өткізіппін, соның көбі есте қаларлық болды. Әрине, жеңілістер де ұмытылмайды, бірақ кәсіби спортшы болғандықтан ондайды да өткеру керек. Алда клуб деңгейінде маңызды ойындар бар. Уақыт тоқтап тұрмайды.

Жанкүйерлерге алғысым шексіз. Жеңілістен кейін «бәрі жаман» деп айтатындар да болады. Бірақ халықтың 99% әркез қолдайтынын білемін.

Айта кетейік, Еуро-2026 жолдамасы үшін өткен екі ойыннан кейін есеп (4:4) теңесіп, матч соңындағы пенальти сериясында Италия құрамасы 2:0 есебімен басым түсті.