23.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Рафаэль Уразбахтин «Реалға» қарсы матч қарсаңында маңызды пікір білдірді

Рафаэль Уразбахтин «Реалға» қарсы матч қарсаңында маңызды пікір білдірді

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Реал Мадридке» қарсы ойыннан не күтетінін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Футболдан ел біріншілігі аясында өткен матчта «Қайрат» елордалық «Жеңісті» 3:1 есебімен өз алаңында жеңді. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында алматылық клубтың жаттықтырушысы «Спортингке» қарсы өткен ойынды қорытындылап, испаниялық клубқа қарсы кездесуге дайындық туралы айтты.

— Қандай нәтиже табысты болады? Әрине, жеңіс – бұл табысты нәтиже. Дегенмен, біз үшін нәтижеге байланып қалмай, ойынға көңіл бөлу маңызды. Егер Лиссабондағы ойынды алсақ, кей сәттерде біз жаман ойнаған жоқпыз. Иә, қарсылас бізден деңгейі әлдеқайда жоғары, бірақ жігіттеріміз өздерін көрсетті. Яғни, кей тұстарда біз жақсы көріндік және бірнеше сәт болды. Бір гол соқтық — қарсыластың күшін ескерсек, мұны үлкен алға ілгерілеу деп санаймыз, — деді бапкер.

Оның айтуынша, «Реал Мадрид» — деңгейі одан да жоғары қарсылас.

— Әрине, біздің ойынымыз жинақы болып, алдыңғы ойында секілді олқылықтар болмаса дейміз. Біз көп күш жұмсап, бір сәтте ойыннан шығып кеттік. Нені айтқым келіп тұр? Мұндай қарсыластармен барынша сергек болу керек. Егер шаршасаң, ойын барысында жиналық төмендеп кетеді. Олармен ойнау өте қиын. Сондықтан бұл – маңызды сәт: бүкіл матч сақ әрі сергек болу керек. «Реалға» қарсы мұнда мүлде басқа көрініс болады деп үміттенемін, біз анағұрлым ұйымдасқан ойын көрсетпекпіз. Екінші таймның алғашқы 15 минуты («Спортингке» қарсы) – біз алғашқы минуттардан бастап көрсеткіміз келетін футбол. Сондықтан біз соған көбірек ұмтыламыз, — деді ол.

Еске салайық, «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчына билеттер бүгін сағат 17:00-де сатылымға шығады.