22.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Қазақстан құрамасының бас бапкері жауапты матч жайлы айтты

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қазақстан құрамасының бас бапкері жауапты матч жайлы айтты

Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака алғашқы ойында Біржан Оразовтың болмауы туралы пікір білдіріп, 23 қыркүйекте Астанада өтетін Италияға қарсы жауапты кездесуге дайындығы жайлы айтты, деп хабарлайды Sport Pulse.

«Біржан – біздің командамыздағы маңызды ойыншы. Бірақ ол болғанда біз жеңер едік немесе тең түсер едік деп нақты айту қиын. Әрбір футболшы біз үшін қымбат, біреу алаңға шықпай қалса – соның орнын сезінеміз. Әрине, осындай жағдайлар аз болғанын қалар едік. Ертең біз барынша мықты құраммен шығамыз. Соңғы рет қашан осылай толық құрам болғанымыз есімде жоқ, әрқашан жарақат немесе басқа қиындықтар кедергі болатын. Ертең сіздер бір-екі ойыншыға емес, Қазақстан құрамасына қарайсыздар. Қазіргі таңда қолымыздағы ең мықты құраммен алаңға шығамыз», – деді Кака баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетейік, алғашқы ойында Қазақстан құрамасы Фазано қаласында Италиядан 1:2 есебімен жеңілген болатын. Плей-офф кезеңінде өз топтарында екінші орын алған сегіз құрама бақ сынап жатыр. Қос кездесудің қорытындысы бойынша төрт команда Еуро-2026 финалына жолдама алады. Финалдық кезең 2026 жылдың 20 қаңтары мен 7 ақпаны аралығында Латвия, Литва және Словенияда өтеді.